АСТАНА, 21 қаз — Sputnik. Қазақстанның ұлттық брендін анықтау үшін ғаламтор қолданушыларының дауыс беруі басталды. ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәрен Абаевтың айтуынша, жеңімпаз 5 миллион теңге көлемінде сыйлыққа ие болады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігінің тілшісі.
"Елдің бренді – бұл жай ғана логотип емес, әлемдік қауымдастық алдында абыройымызды асқақтату үшін мұқият ойластырылған мемлекеттік ауқымды стратегия. Үнемі айтып жүргеніміздей, біздің конкурс осы бағытта атқарылатын жұмыстардың шағын бөлігі… Алдында айтып өткенмін, логотипте еліміздің ерекшелігі, жеткен жетістіктері көрініс беруі тиіс, сол себепті бұл жұмысты мұқият жүргіземіз. Неліктен таңдауды Қазақстан халқынан сұрадық? – Брендті қазақстандықтардың өзі ойланып таңдауға тиіс", — деді Абаев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесінде ең көп дауыс жинаған бес жұмыс таңдалынып, екінші кезеңге өтеді. Екінші кезеңде танымал қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер, мәдениет, өнер және мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын эксперттік комиссияға таныстырылады.
Өтініш беру кезеңі осы жылы 31 тамыз бен 15 қазан аралығында өткен. Бұл мерзім ішінде 965 өтініш беріліп, солардың ішінде 794-і дауыс беруге жіберілді.
Ұнаған жұмысқа мына жерде дауыс бере аласыз.