АСТАНА, 21 қаз — Sputnik. Бейсенбі күні "Барыс" хоккей клубы КХЛ матчында "Витязь" командасын 5:0 есебімен ұтып, плэй-офф зонасына төрт ұпайға дейін жақындады.
Голдардың бәрі бастапқы екі периодта соғылды: бірінші жиырмаминуттықта Роман Савченко мен Кори Тривино гол соқса, екінші периодта Найджел Доус, Роман Старченко мен Кевин Даллмэн жетістікке жетті.
Үшінші периодта "Барыс" ойыншылары үш рет алаңнан аластатылды. Бірақ швед голкипері Хенрик Карлссон үздік ойын көрсетіп, қатарынан екі матчта қақпасына бірде-бір гол соққызбады.
Осы ойыннан кейін КХЛ шығыс конференциясында қазақстандық клуб 26 ұпаймен 13 орында тұр, плэй-офф зонасына, яғни 8-орынға жету үшін тағы төрт ұпай ұту керек.