АСТАНА, 19 қаз – Sputnik. Кездесуде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми зерттеулердің қазіргі заман талабына сай болуының маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ғылымды басқаруды орталықсыздандыру ісінің өзектілігіне және ғылыми зерттеу жұмысын жекелеген университеттерде дамыту қажеттілігіне назар аударды.
"Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің маңызы зор", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
М.Жұрынов бірлестіктің халықаралық деңгейдегі беделінің артуына батыстық даму үлгісі септігін тигізгенін айтты.
"Біздің академия – барлық беделді ғылыми бірлестіктердің мүшесі", – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті.
Соңында Мемлекет басшысы ғылымның ел дамуындағы елеулі рөліне тоқталып, атқарып жатқан қызметтері үшін академия ғалымдарына алғыс білдірді.