АСТАНА, 18 қаз — Sputnik. ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2017 жылғы мерекелік демалыс күндерінің тізімін жариялады.
Министрліктің ескертуінше, заңнамаға сәйкес Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелері тойланатын күндер мерекелік, яғни демалыс күндері боп саналады.
Мерекелік күндерге Тәуелсіздік күні (16-17 желтоқсан), Жаңа жыл (1-2 қаңтар), Халықаралық әйелдер күні (8 наурыз), Наурыз (21-23 наурыз), Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі (1 мамыр), Отан қорғаушы күні (7 мамыр), Жеңіс күні (9 мамыр), Астана күні (6 шілде), ҚР Конституциясы күні (30 тамыз), Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні (1 желтоқсан).
Демалыс күндеріне (сенбі, жексенбі) сәйкес келетін мереке күндері мерекеден кейінгі жұмыс күніне ауыстырылды. Бес күндік жұмыс аптасында — 1 қаңтардан 3 қаңтарға, 7 мамырдан 8 мамырға, 16 желтоқсаннан 18 желтоқсанға, 17 желтоқсаннан 19 желтоқсанға. Алты күндік жұмыс аптасы бойынша — 1 қаңтардан 3 қаңтарға, 7 мамырдан 8 мамырға, 17 желтоқсаннан 18 желтоқсанға.
Сонымен қатар, 2017 жылы 1 қыркүйекке түсетін Құрбан айттың бірінші күні және 7 қаңтар — православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.