АСТАНА, 14 қаз – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Антониу Гутерришке Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарланады Ақорданың баспасөз қызметінде.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бас ассамблеясы бейсенбіде Антониу Гутерриштің кандидатурасын бекіткен болатын. Гуттериш өкілеттігінің бірінші мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
Жеделхатта дауыс беру нәтижелері ұйымға мүше елдердің Гутерришке деген зор сенімін көрсеткені атап өтілген.
"Бүгінде біздің алдымызда тұрған елеулі сын-қатерлерді ескерсек, бұл сенім вотумының маңыздылығы ерекше. Терроризм және экстремизмге қарсы күресу, Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметінің басты мәселелері. Бұл бағытта белсенді түрде жемісті ынтымақтастық орнатамыз деп үміттенемін", – делінген жеделхатта.
Соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев А.Гутерришке жауапты қызметінде табыс тілеп, еліміздің БҰҰ-мен тиімді өзара іс-қимылы одан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді.