АСТАНА, 14 қаз — Sputnik. Қазақстан Республикасы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Таиланд королінің қазасына орай Тайланд Корольдігінің премьер-министрі Праюту Чан-Очаға көңіл айту жеделхатын жіберді деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
Жеделхатта Таиланд королінің қайтыс болғаны туралы хабарды Мемлекет басшысының зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.
«Король Пхумипон Адульядетті парасатты басшы, мемлекеттеріміз арасында достық қатынастар орнауына және нығаюына ерекше үлес қосқан көрнекті тұлға ретінде қазақстандықтар әрдайым есте сақтайды», – деп жазылған көңіл айту жеделхатында.
Нұрсұлтан Назарбаев қайғыға ортақтасып, өзінің және Қазақстан халқының атынан Прают Чан-Очаға, корольдің отбасы мүшелеріне және барша Таиланд халқына көңіл айтты.