АСТАНА, 14 қаз — Sputnik. Елорда тұрғындары жаппай мекен-жайларын өзгертеді, бірақ, бір қызығы, ол үшін ешқайда көшудің қажеті жоқ. Көпшілік тыңдауы бойынша Астанада бір қатар көше аттары өзгертіледі.
Ана көше қайда, мына үй қайсы
Астана көшелері мен даңғылдары атауларын жиі ауыстырып жатады. Себебі айдан анық, қала өсіп жатыр, кезінде Е352 немесе Е487, болмаса №302 не 309 деп аталып жүрген магистральдар бүгінде Шыңғыс Айтматов, Ілияс Омаров, тіпті Будапешт деген аттарға ие болды.
Көшелерді қосып та, бөліп те жібереді. Мысалы, бұрын Пушкин көшесі боп жалғасатын Республика даңғылы, қазір тұтастай Республика деп аталады. Ал, А. С. Пушкиннің аты бұрынғы Гумилев көшесіне берілді.
Қаланың байырғы тұрғындары жаңа мекен-жайларына әрең дегенде үйренді. Ал, жергілікті такси жүргізушілері болса қаланың жаңа тұрғындарын межелеген жерлеріне жеткізіп салу үшін, бұрынғы мекен-жай бойынша айтуын сұрайтын.
"Екі қолға" бір-бір көше
Жақында өткен көпшілік тыңдауында Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Төлеуғали Қышқашбаев соңғы екі жылда қаланың ономастикалық комиссиясына қала тұрғындарынан 77 ұсыныс түсіп, олардың 20-сы көпшілік тыңдауына ұсынылған. Астана қаласындағы көшелердің өзгеруіне байланысты бірдей аталатын көшелер пайда болған: мысалы, Жамбыл Жабаев, Тарас Шевченко, Иван Панфилов атында екі-екі көшеден бар. Бұл да қала тұрғындарына біраз қиындық туғызады. Енді бұл көшелердің бірінде ескі атау сақталып, екінші көшеге жаңа атау беріледі.
Тыңдау барысында Орынбор көшесін "Мәңгілік ел" деп атауға қатысты дау туындады. Мәслихат депутаттары бұрынғы атауды қалдыруды сұрап отыр, өйткені Орынбор – Қазақстанның алғашқы астанасы әрі төңірегінде Ақмешіт, Түркістан, Сығанақ сияқты көшелер бар.