АСТАНА, 14 қаз — Sputnik. Екібастұзда екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен 77 жастағы жүргізуші ұсталды деп хабарлады Павлодар облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Ведомство мәліметінше, 6 қазан күні Новоселов көшесінде бір көлік жүргізушісі екі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашқан.
Нәтижесінде 39 жасар ер адам қайтыс болып, 24 жасар әйел адам әр түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Көлік апаты орнында полиция қызметкерлері алдыңғы әйнек сынықтары мен ВАЗ автокөлігінің айнасын тапқан.
Тергеу және іздеу шаралары кезінде полиция қызметкерлері жүздеген техникалық қызмет көрсету станцияларын, көлік тұрақтарын, саяжайларды, көпқабатты және жеке үйлерді қарап шығып, мыңдаған адамдардан жауап алған. Және мыңнан астам ВАЗ автокөлігінің бұл іске қатысы бар-жоғы тексерілген.
Іздеу шаралары оң нәтижесін берді. Алынған ақпарат бойынша, дүкендердің бірінен кәрі адам алдыңғы әйнек пен автокөлік айнасын сұрастырған. Ер адамның кім екенін анықтау үшін 3000 адам тексеруден өткізіліп, ақыры соңында полиция қызметкерлері қылмысын мойындаған 77 жастағы зейнеткерді ұстады.