АСТАНА, 13 қаз — Sputnik. Петропавлда жүздеген адам төбелес кезінде өлтірілген баскетболшы Игорь Нанаевпен қоштасып, құрмет белгісін білдіру үшін "Парк Сити" ойын-сауық клубына келді, деп жеткізеді Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сағат 12.00-де Өскеменде Игорь Нанаевпен қоштасу рәсімі басталған кезде Петропавлда қаза тапқан спортшыны еске алу мақсатында майшамдар жағылды. Адамдар төбелес болған орынға гүл шоқтарын әкелді.
Спортшының суреті, майшам мен гүл шоқтары, сонымен қатар баскетбол добы – осы жерде 40 күнге дейін тұрады.
"Мен Игорьді 2010 жылдан бері білемін. Ол Петропавлға өз командасы үшін ойнауға келген. Ол өте тамаша, әрі мейірімді жан болатын. Араласқан жылдар бойы мен оның дөрекі сөйлегенін есітпедім. Ол бірінші болып төбелес бастамас еді", — деді агенттікке Игорь Нанаевтың танысы Арина. Осы жерге жиналған басқа адамдар да осы пікірде.
Игорь Нанаев 1993 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Республикалық спорт интернатында оқып, басқа қалалар үшін ойнаған. Өткен маусымда ол Новосібірде болды. 2016-2017 жылғы ойын маусымы алдында ол Петропавлға келіп, оқу-жаттығулардан өткен. 1 қыркүйекте Нанаев "Барыс" баскетбол клубының құрамына кірген. "Біз полицияның Игорьді бір адам ұрып өлтірді деген болжамына сенбейміз. Ол ақылға сыймайды. Денсаулығы мықты бойы екі метрлік жігітті қалай бір адам ұрып өлтіреді. Оның денесінде сегіз өлімші жарақат болған! Біз Игорьді бір адамның соққыға жығып жатқандығы түсіп қалған бейне түсірілімді көрсетуді талап етеміз. Біз ҚР Бас прокурорына петиция жазуға ниеттіміз", — деді агенттікке Петропавл тұрғыны Наталья.
Қазанның 2-сінен 3-іне қараған түні Петропавл қаласындағы ойын-сауық клубтарының маңында келушілер арасында қақтығыс орын алып, соның салдарынан "Барыс" баскетбол клубының ойыншысы Игорь Нанаев аяусыз соққыға жығылды. Спортшы ауыр хәлде облыстық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді. Бір аптадан астам уақыт бойы ол комада жатты. 10 қазан күні есін жимастан көз жұмды.
Осы дерек бойынша СҚО ІІД тергеу басқармасы ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлімі бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және соның салдарынан болған адам өлімі) сот алды тергеу жүргізуде. Полиция қызметкерлері Нанаев соққыға жығу салдарынан емес, төбелесте қаза тапты дегенді алға тартады.