Қоғам

Ербол Нұрқатов: психиатр дәрігерлерден қорқудың қажеті жоқ

© Photo : Официальный сайт Медцентра проблем психического здоровья АстаныАстана қаласы Психикалық денсаулық проблемаларының медициналық орталығы мекемесінің бас дәрігері Ербол Нұрқатов
Астана қаласы Психикалық денсаулық проблемаларының медициналық орталығы мекемесінің бас дәрігері  Ербол Нұрқатов - Sputnik Қазақстан
Жазылу

Астана, 10 қаз – Sputnik, Юлия Кузнецова. Бүгін Қазақстанда "Өмірім – бар байлығым" атты ұранмен Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні тұңғыш рет тойлануда. Психикалық денсаулық күнін ДДСҰ 10 қазанға белгілеген. Күнде болмаса да бәріміздің жан күйзелісіне ұшырайтын кезіміз болады. Жарымызбен ренжісіп, баламызға ұрысқанымыз соның болмашы салдары ғана. Ал, ұзақ уақыт күйзеліске ұшырағанда немесе жақын адамынан айырылып есеңгіреп қалғанда адамның хәлі не болмақ? Қарадан-қарап өз-өзімізді ұстай алмай қалуымыз мүмкін бе? Психикалық денсаулығымызға қатысты осы және  басқа да сұрақтардың жауабын алу үшін Астана қаласының психикалық денсаулық проблемаларының Медициналық Орталығы мекемесінің бас дәрігері Ербол Нұрқатовпен сұхбаттастық.

"Өкінішке орай, негізінен соматикалық денсаулығымызға, яғни тән саулығына ғана көп мән береміз. Дегенмен көңіліміз тыныш болмаса, денсаулығымыздың да жақсармайтынын адамдардың көпшілігі біледі", — дейді Ербол Маратұлы.

Бұл сөзбен толықтай келісеміз. "Ақымақ бас екі аяққа тыным бермес" деген сияқты сөздерді жиі еститініміз рас. Шындығында кішкентай кезімізден бастап әлемге деген көзқарасымыз психологиялық деңгейде бүкіл өмірімізге әсер етеді.

- Ербол Маратұлы, сізден сұхбат алуға келе жатып, ойыма түскен сұрақтан бастайын. Адам баласы жағдайы жақсы бола тұра, ешбір себепсіз психологиялық дертке шалдығуы мүмкін бе?  

— Иә, мүмкін. Бірақ әр нәрсенің алғышарты бар. Әдетте, көзге бірден көрінбесе де, барлық дерттің алғашқы белгілері болады. Отбасындағы етене жақын адамдар ондай өзгерістерді бірден байқайды. Адам өз-өзін ұстай алмайтын дәрежеге жеткенше, бастапқы белгілерді ептеп анықтай аламыз.

- Ол қандай белгілер?

— Қарапайым мысал келтіретін болсам, адам тұйықталып қалады, ешкімге сырын ашпай қояды. Бірақ мұндай кезде өзге жұрт "көңілкүйі жоқ шығар, мазаламай-ақ қояйық" деп ойлауы мүмкін. Сосын басқа да белгілер байқала бастайды – мәселен, ұйқысыздық, бірақ оған да мән беріле қоймайды. Содан соң, балаларымен, отбасымен қарым-қатынасы өзгеруі мүмкін. Міне, осындай түкке тұрғысыз жайттарды мамандар қандай да бір дерттің айқын емес, хабаршы белгілері деп түсінеді.

- Ал, адам томаға тұйықталып жүріп, аяқ астынан жүйкесі сыр беруі мүмкін бе?

— Ондай да болады. Бірақ бәрі бір көзге көрінбейтін бастапқы кезеңнен өтеді. Дерті ауыр болған жағдайда ғана, науқас бұл кезеңдерден аттап өтіп, бірден жынданып кетуі ықтимал. Бұл кімге болсын қорқынышты, өйткені адам мұндай жағдайда айналасындағыларға қауіп төндіреді. Ал, бастапқы кезеңдерде өз басын қауіпке тігіп, тіпті өз-өзіне қол салуы мүмкін.

- Ал сіз өз-өзін өлтіргісі келетін науқастарға көмектесесіз бе?

— Біріншіден, адам суицидке дейін барса, демек күрделі психологиялық дертке шалдықты деген сөз. Яғни, адам өзін бұл қоғамда артық санайды. Өмірімен қош айтысса, өзін де, өзгелерді де құтқарам деп ойлайды. Дертті емдеу үшін, оның себебін анықтаймыз. Сол себебіне байланысты аурудың ауыр немесе жеңіл түрі белгілі болады. Суицид дегеніміз адамның қоғамда қалай өмір сүрерін білмеуі. Мұндай проблемаға ұшырағандар бізге өздері келеді. Біз оларға шын мәнісінде көмек бере аламыз. Бірақ қайғылы аяқталатын оқиғалар да жоқ емес.  

- Жақындарымыз немесе балаларымыздан бір түрлі өзгерісті байқасақ, не істеу керек?

— Бұл аса маңызды мәселе. Әрқашан жақындарыңызға мұқият болыңыздар. Егер қандайда бір оғаш өзгерістерді байқасаңыз, бірден әрекетке көшу керек. Қазір кез келген емханада психолог та, психотерапевт те бар. Бізге келе алмаса да, емханаға халық бір табан жақын. Маман әр уақытта көмек бере алады.

- Халық қаңқу сөзден жасқанатын сияқты. Өйткені біздің қоғамда психиатрға бардым деп ашықтан-ашық ешкім айтпайды ғой

— Сөзге қалудан қорқатынымыз рас. Бұл енді бекер-ақ. Өйткені психологиялық соққы алған ортада оларға ешкім көмектесе алмайды. Неге осы елдің сөзінен қорқады екенбіз? Әлбетте, өзге жұртқа ұқсамау, даралану қашанда жат нәрсе боп есептелетін. Мұндай пікірлерді түбегейлі жою керек. Өйткені күйзеліске ұшырағандар да өзіміз сияқты адамдар, тек дәл қазір көмегімізге зәру. Оған түсіністікпен қараған жөн.

- Ал шизофрения, маникалды-депрессивті психоз сияқты ауру түрлерін қалай емдейсіздер? Ондай науқастарға қандай жәрдем бере аласыздар?

— Біздің салада емдеу әдістері біршама өзгерді. Қазір түбегейлі оқшаулау деген жоқ. Қажет болса, біраз уақытқа ауруханаға жатқыза аламыз, денсаулықтары түзелген жағдайда адамды қоғамда өмір сүруге бейімдейміз. Бұл жерде өзара еңбек бөлінісі бар. Психологтар – біздің әріптестеріміз, олар психологиялық дені сау жандарға өмірдегі қандай да бір қиындықты жеңуге көмектеседі. Ал, психиатр дертке шалдыққандармен жұмыс істеп, сөзбен немесе дәрі-дәрмекпен емдеп жазады. Дерттің асқынған түрлерін емдеуде мықты препараттар мен әдістерді пайдаланамыз. 

- Өте ауыр психикалық дертке шалдыққан адамның құлан таза сауығып кетуі мүмкін бе?

— Мүмкін. Ол адам әрі қарай қалыпты өмір сүріп кетеді. Тағы да қайталап айтайын, қазір науқасты бірнеше жылға толығымен оқшаулайтын ауруханалар жоқ. Бірақ 100 пайызға емделмейтін ауру түрлері де болады. Бірақ науқастардың көпшілігін қоғамда өмір сүріп, еңбек етуге бейімдеуге болады. Психика – жүрек немесе бүйрек сияқты дене мүшесі. Мәселен, аяғымыз сынса, дәрігерге барамыз ғой, сол сияқты психикалық ауруға ұшырасақ та, қаралуға тиіспіз. Жұрттың сөзіне қалам деп қорқудың қажеті жоқ. Оның үстіне, қазіргі уақытта емделуші бүкіл шешімді өзі қабылдайды. Біз науқаспен емдеу әдістерін ақылдасамыз, қай дәрігерді таңдайтынын да өзі шешеді.    

 

 

 

Жаңалықтар
0