Астана, 7 қаз – Sputnik. Атырау облысында ағасының бұрынғы жұбайын балағаттаған әйел 20 мың теңгеден астам көлемде айыппұл төлейді деп хабарлады Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі.
Әйелге қарсы әкімшілік сот ісі ӘҚБК 434 бабының 1-бөлімі (ұсақ тәртіпбұзушылық) бойынша қаралған. Бұл баптың санкциясы бойынша жаза айыппұл ретінде немесе 10 күнге дейін қамауға алыну арқылы өтелуі тиіс.
Сотта анықталғандай, қайын сіңлісі осы жылдың қыркүйек айында бұрынғы жеңгесінің үйіне келіп, оны балағаттаған.
Сот әйелді айыпты деп тауып, 21 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл тағайындады.
Махамбет аудандық соты бұған дейін де отбасылық кикілжіңдерге қатысты істерді қарастырған, мәселен, бір жолы құдалар қыздың жасауына қатысты дауласып соттасыпты.
Ал, Оңтүстік Қазақстанда екі жыл бұрын келінін балағаттап, қорлағаны үшін сот әйел адамға ескерту жасаған екен.