АСТАНА, 6 қаз – Sputnik. 7 қазан күні белорус маманы Эдуард Занковецтің "Барыс" хоккей клубына бас бапкер болып тағайындалғанына бір ай толады. Қазақстандық клубтың жетекшісі Sputnik агенттігіне берген сұхбатында өз командасына баға берді. Оның басшылығымен хоккей клуб 10 ойын өткізіп, 5 рет негізгі уақытта жеңіске жеткен болатын.
- Эдуард Константинович, осы жазда бұрынғы бапкерлер штабы қалыптастырған команданың функционалдық базасы қаншалықты мықты болды? Команданың дайындығы бүкіл маусымға жеткілікті ме, әлде маусым барысында кейбір өзгерістер енгізесіз бе?
— Хоккейде қандай да бір панацея бар деп айта алмаймын – дайындық барысында бір жерден мүлт кетсең, бүкіл маусымға зиянын тигізеді. Қалай болғанда да, бапкерлер маусым барысында ойыншылардың жағдайын қадағалап, кейбір жайттарды реттеп отыруы тиіс. Біздің бапкерлер штабының бұған шамасы жетеді деп ойлаймын. Қазіргі уақытта функционалдық жағынан хоккеисттеріміздің жағдайы жаман емес. Сондықтан олардың күнделікті хәлдеріне қарап, жұмыс мөлшерін реттеп отыруымыз керек, кей кезде көбейтсек, кейде демалдырып отырғанымыз жөн.
— Көптеген спорт ойындары түрлерінде орыс тілді командалардағы легионерлерде қиындық туындайды, яғни олар ұжымға кірігіп кете алмай, бөлектеніп жатады. Бұл кейін команданың ойынына да әсер етеді. Мұндай қиындықтар "Барыс" командасында да бар ма?
Мұндай мәселе бізде жоқ деп ойлаймын. Ағылшын тілді ойыншыларымыздың мінезі ашық, ақкөңіл жігіттер. Көпшілігі командада баяғыдан бері ойнап келеді, сондықтан "Барыста" топ-топқа бөліну деген жоқ. Біз бірлігі жарасқан үлкен ұжымбыз.
— "Барыс" "Нефтехимикті" 5:4 есебімен жеңіп, лақтырып гол соғу көрсеткіші бойынша КХЛ ішінде көшбасшылардың біріне айналды. Алайда "Барыс" лигада өте сирек лақтырып гол соғатын команда. Бұған не дейсіз? Сирек болса да, дөп түсірген дұрыс па?
Өз тәжірибеме сүйенсем, лақтырудың саны мен сапасының арасында ешқандай байланыс жоқ. Жиі лақтыратын командалар ғана көбірек гол соғады деп ойламаймын. Бұл жерде бәрі өз орынмен болуы тиіс. Лақтыру керек екен деп соққы жасай бермей, қақпаны көздеу қажет. Голкипер ұстай алмай қалатындай соққы жасау керек. Иә, әлбетте, біз көбірек лақтырып ойнағымыз келеді, осы бағытта белсенді жұмыс жасасақ дейміз. Бірақ, тағы да қайталап айтайын, саны көбейсін деп оңды-солды лақтыра берсек, сапасы жақсара қоймайды. Сол себепті шабуылда ақылмен қимылдауға тиіспіз, оңтайлы сәт туғанда ғана қақпаға лақтырып соққы жасаған жөн.
— Сонымен қатар "Барыс" лақтырылған шайбаға тосқауыл көрсеткіші бойынша барлық қарсыластарынан алда келеді. Бұл команданың жанкештілігінің белгісі ме?
— Солдай деуге болады. Қазіргі заманғы хоккейде бұл аса маңызды компоненттердің бірі. Барлық ойыншылар лақтырылған шайбаны қайтара білуі керек.
— Алғашқы сұхбаттарыңыздың бірінде, сіздің жетекшілігіңізбен "Барыс" үш ойыннан соң 9 ұпайдың төртеуін алғанда, бұдан да көбірек ұпайға қол жеткізсек депсіз. 10 ойынды қорытындылай келе, командаңыз барлығы 30 ұпайдан 17 ұпай алыпты. Енді не дейсіз?
— Жұмыстың қазіргі кезеңінде біз ойынның сапасына көп мән береміз. Жеңіс санын емес, жинаған ұпайымыздың пайызын қадағалаймыз. Иә, біз әрбір ойында жеңіске жеткіміз келеді, әрбір матчта ұпай ұтқымыз келеді – қарсыласымыз кім болса да, бізге жеңіс керек. Ойын сапасы жақсарғанда ғана, яғни, хоккеисттеріміз күннен-күнге жақсы ойнаса ғана, ұпайымыз көбейе бастайды. Биік мақсаттар қою үшін ойынымызды жақсарту керек, қазір осы бағытты еңбек етіп жатырмыз.
— Соңғы кездері "Барыстың" ойыншылар саны басым кездегі ойынға төселіп алғанын байқаймыз, бірақ ойыншылар саны аз кездегі көрсеткіштер қуантарлықтай емес.
— Рас айтасыз, ойыншылар саны аз кездегі ойынды жақсартуымыз керек. "Спартак" пен "Нефтехимикке" қарсы бірнеше ойындарда бесеуге қарсы төрт ойыншымыз шыққаны пайдаға асқан болатын. Бұл жерде жеңіске жеткенімізбен, Мәскеуде ойыншы санының аздығынан нашар ойын көрсетіп, жеңіс пен ұпайдан айырылып қалғанбыз. Бұл компонентті жақсартпасақ болмайды, ол үшін қорғаныстағылар жанкешті ойын көрсетуі керек.
— Бұл сұхбатта негізінен КХЛ статистикасындағы көрсеткіштер туралы әңгімелестік, ал енді сіздің алған әсеріңізді сұрасақ. "Барысқа" жетекшілік еткен алғашқы айыңыз несімен есте қалды? Бәлкім, өткізген 10 ойынның ішінен біреуін ерекше атап өтетін шығарсыз?
Команда өткізген барлық матчтарда ойыншыларымыз жан аямай үздік ойын өрнегін көрсетті. Бұл өте жақсы. Яғни, қарсылас кім болмасын, матч қалай өрбісе де, бәрі жанталасып, жеңіске ұмтылады. Негізінен жеңістер ғана есте қалатыны белгілі ғой, сонда да "Торпедо" клубына қарсы ойынымызды атап өткім келеді. Өз алаңында мықты ойнайтын қарсыласқа қарсы тұру оңай емес, сондықтан бұл матчты команданың үздік ойындары қатарына қосса болады.