АСТАНА, 6 қаз — Sputnik. Кейкі батыр сүйегін Қазақстанда жерлеу мәселесі мемлекеттік комиссия деңгейінде шешілуі тиіс деп санайды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Гүлнәр Мұсабалина.
Таңертең ерте Астанаға Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада сақтаулы жатқан Кейкі батырдың сүйегі жеткізілді.
"Кейкі батырдың бас сүйегінің отанымызға қайтарылуы – тарихи оқиға. Әлбетте, оның сүйегі құрметпен жерленуі тиіс. Меніңше, батырды жерлеу орны және рәсімді ұйымдастыру мәселесімен мемлекеттік комиссия айналысуы тиіс. Бұл істі оның ұрпақтарына немесе басқа да бір руластарына тапсырмағанымыз жөн", — деді Мұсабалина Sputnik агенттігіне берген сұхбатында.
Оның ойынша, патриотизмнің үлгісі ретінде жастарға үлгі болуы үшін Кейкі батырға ескерткіш орнатылуы керек.
Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу үшін Қазақстанға жеткізу мәселесін тамыз айында сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Кәрім Мәсімов Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевпен кездесу барысында көтерген болатын. Ресей премьер-министрі бұл мәселе бойынша көмектесуге уәде берген еді.
Кейкі батыр – 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс көшбасшыларының бірі. Қазан төңкерісін ешқашан мойындамаған батырды 1923 жылы Қызыл әскер жауынгерлері өлтірген. Содан кейін бас сүйегі Кунсткамераға жөнелтілген болатын.