АСТАНА, 6 қаз — Sputnik. 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс көшбасшыларының бірі Кейкі батырдың Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада сақтаулы жатқан бас сүйегі Қазақстанға әкелінді деп хабарлады Мәдениет және спорт министірлігі Sputnik агенттігіне.
Бас сүйекті жеткізген арнайы борт таңертең келді.
Тамыз айында сол кезде премьер-министр қызметін атқарған Кәрім Мәсімов Ресей үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевпен кездесу барысында Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу үшін Қазақстанға жеткізу мәселесін көтерген болатын. Ресей премьер-министрі бұл мәселе бойынша көмектесуге уәде берген еді.
Кейкі батыр – 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс көшбасшыларының бірі. Қазан төңкерісін ешқашан мойындамаған батырды 1923 жылы Қызыл әскер жауынгерлері өлтірген. Содан кейін бас сүйегі Кунсткамераға жөнелтілген болатын.