АСТАНА, 4 қаз— Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының ТЖ жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлевтің Sputnik-ке хабарлауынша, Петропавлда газ алу кезінде газгольдер жарылысы болып, үш жұмысшы ауыр жарақат алды.
Оның айтуынша, Петропавл қаласы Бөркі шағын ауданы Зеленая 29-да орналасқан газгольдердің тұтанғаны жайында хабар дүйсенбі күні 16.11-де түскен.
Журавлев: "Өрт сөндірушілер ТЖ орнына 16.18-де жеткен. Газгольдер өрт сөндірушілер келген сәтте отқа оранған. Өрт 16.54-те ауыздықталса, 17.06-да толығымен сөндірілді деп хабарланған. Өртті сөндіруге бес техника қолданылып, Петропавл қаласының екі өрт сөндіру бөлімшесінің жеке құрамынан 22 адам қатысқан. Өртті сөндіруге көбік ату әдісі пайдаланылған " – деп хабарлады.
Сондай-ақ өрт сөндірушілердің орманға жақын орналасқан тұрғын үйді өрт шалып кетуден сақтап қалғаны туралы айтып өтті. Өрттің қайдан шыққаны өрт-техникалық сараптама нәтижесінде анықталмақ.
Газгольдер жарылысы мен өрттің салдарынан газ компаниясының жұмысшылары зардап шеккен. Екінші және үшінші дәрежелі күйік алған жұмысшылар Петропавл қаласының 3-қалалық ауруханасына жөнелтілді. Sputnik-ке ауруханадан берілген мәлімет бойынша: "Жарақат алғандардың бірі бет және жақ сүйегі хирургиясы бөліміне жатқызылды, екеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Қазір шокқа қарсы шаралар жүргізіліп, науқастар барлық қажетті ем-домын қабылдап жатыр".
Сұхбат алған тілшіміздің айтуынша зардап шеккендердің жарақаты ауыр.