ҚР сәулетшілер одағының басшысы: жаңа үйлерде "ақыл" бар, бірақ жан жоқ

© Sputnik / Юлия КузнецоваҚазақстан Сәулетшілер Одағының президенті Ақмырза Рүстембеков
Қазақстан Сәулетшілер Одағының президенті Ақмырза Рүстембеков - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ақмырза Исаұлы сәулетшілер әулетінен: оның арғы атасы сәулетші, мазар соғушы, үлкен ағасы, немере інісі мен әйелі сәулетшілер.

АСТАНА, 3 қаз — Sputnik. Юлия Кузнецова. Ақмырза Исаұлы сәулетшілер әулетінен: оның арғы атасы сәулетші, мазар соғушы, үлкен ағасы, немере інісі мен әйелі сәулетшілер.

-    Ақмырза Исаұлы, біз барлығымыз  Гогольдің "Шинель" шығармасындағыдай  Кеңес Одағынан шықтық. Сол кездегі сәулет пен заманауи сәулет – бұл әртүрлі дүние ма?

—  Ол кезде 300 миллиондық КСРО кеңістігі болатын, және тек сәулет қана емес, кинематограф, әдебиет, бейнелеу өнері секілді барлық өнер түрлері қандайда бір дәрежеде жалпы дүниежүзілік мәдениетке әсерін тигізген, мен жоғары дәрежедегі өнер туралы айтып отырмын. Сол кездері соғылған Сталиндік биік ғимараттар, мәскеулік метрополитен ғана болатын – олардан үздік еш нәрсе болмады. Ол кезде Алма-Атаны кеңес сәулетінің Меккесі атаған, ол шамамен алпысыншы жылдар болатын. Бірақ, шындығында, мен ол кезді аңсап жүрген жоқпын. Ол кезде жоспарлы экономика болатын, бізді жоспарлы институттарға жіберетін, ал ол жерде "экономика үнемді болуға тиіс" деген ұран болатын.  Ал қазіргі кезде жұмыс істеу өте қызық, өйткені жаңа технологиялар пайда болып, бәрі де дамып жатыр. Адам әлемді аралап, басқа орталарда болып, өзгеше интерьерлер мен экстерьерлерді көргісі келеді. Бүгінде еңбек жолын енді ғана бастап жатқан сәулетшілерге әлемдік ақпараттық кеңістікке жол ашық. Оның үстіне бұл үдеріс өте жылдам жүріп жатыр, бұрынғы Кеңес Одағының елдері тіпті аздап артта қалдық десе де болады.

Жас сәулетшілерге деген көзқарасыңыз қалай?

— Қазіргі заманның жастары өте талапты әрі жаңашыл, оларды барынша қолдаймын. Әрине, кейде дауласып қалатын кезімізде болады, бірақ олар менен гөрі көп мәлімет білетінін мойындауға тиіспін. Әлбетте, мәдени тарихи құндылықтарымызға қатысты құрылыс нысандарына келгенде, сөз таластырудың реті жоқ. Алайда қазір заманауи құрылыстар өте көп, әсіресе "ақылды үйлер" басым. Бәрі де батырмамен басқарылады, бағдарламамен реттелген. Бұл жайлы жақсы, жаман деп кесіп айту қиын. Дегенмен жақсы жағы басым шығар, өйткені жеңіл өмірге үйреніп кеткеніміз сонша, онсыз тұра алмаймыз. Тіпті өзіміз үшін де жобалау жұмыстары біршама жеңілдеді. Кезінде бәрін қолымызбен істейтінбіз, ал қазір тиісті өлшемдерін енгізсең болды, компьютер бәрін өзі тындырады. Бұрын ондай түсімізге де кірмеген еді. Әлем қарқынды дамып келеді, біз де артта қалмағанымыз жөн. Бұл да өмірдің заңы емес пе – бұрын жер үйлер көп болатын, қазір зәулім ғимараттар басым, қазір біз шағын бөлмелерде өмір сүреміз, көкке қарай ұмытылудамыз. Бірақ ашығын айтқанда, ол үйлерде жан жоқ. "Ақылды үйлердің" де жақсы жақтары көп қой, бірақ тарихи құрылыстардың әсемдігі адамдарды әлі күнге дейін баурап алады.

Ақмырза Исаұлы, сіз үшін сәулет өнер ме, әлде бизнес пе? Осы мамандықпен біздің елімізде байып кетпесеңіз де, азды-көпті ақша табуға бола ма?

– Алматыдағы осы бір жерді бұрын Брод деп атайтын, біздің Бродвей. Театр, Суретшілер одағы, Жазушылар одағы – бәрі де осында болатын. Бұл көшенің сәулеті мен ауқымы ешқашан өзгерген емес. Мәселен, мына тұрғын үйді алып қарайық, " Столичный центр ", кезінде бұл үйге көп мін тағылған болатын. Тіпті авторлардың бірі құрылыстың дизайнына қарсы болса да, жұмысқа шақырған кезде, ұсынысты бірден қабылдаған еді. Сәулетшілердің қаражат табу мәселесі жөнінде айтқаным ғой. Орталықтағы ғимараттарды салсаң, табысқа жетіп, атағыңды шығару оңай екенін бәріміз де түсінеміз. Міне, сәулетшілер осылай ақша табады. Әрине, сәулет дегеніміз ең алдымен өнер. Бірақ сәулетші табысты болуы үшін, билік өкілдерінің көңілінен шығып, көп тапсырыс алуы тиіс. Немесе жақсы бір инвестордың көзіне түсуі мүмкін. Бірақ шынайы өнер иесі ақшаны табуды ғана көздемейтіні белгілі, десек те ол маңызды мәселелердің бірі: өмір сүріп, отбасын асырауға тиіс. Бірақ кей сәулетші дарынды болғанымен, ештеңеге қолы жептеуі мүмкін. Бұдан зорғысы жоқ шығар. 

Сәулетшіге тапсырыс берушілермен, әсіресе шенеуніктермен жұмыс істеу қиын ба?

– Шеберге толыққанды сенетін адамдар бар. Бұл жерде автор тапсырыс берушіні көндіре білуі тиіс. Яғни, өз көзқарасын түсіндіре білуі қажет. Көбінесе сәулетшілер мықты маман бола тұра, өз ойын тапсырыс берушіге, оның ішінде билік басындағыларға жеткізе алмауы мүмкін. Әрине, белгілі нысандарды салғанда жұртпен ақылдасу керек. Өз басым нысанды салмас бұрын, сол аудандағы тұрғындармен жобаны талқылауды ұсынып отырамын. Тағы да бір мәселе: билік өкілдеріне қарапайым халықпен түсінісу қиындау, олардың мақсаттары басқа. Сол себепті халықпен тілдесуге жұмыстың басы қасында жүретін сол саланың маманын жіберген жөн. 

Қазіргі заманғы өнерге, сәулетке деген көзқарасыңыз қандай?

– Қазіргі заманда сәулет өнері алуан түрлі, оған деген көзқарас та әр түрлі. Кейбір нәрселер адамның санасы сыймайды, ал кейбірі, керісінше, қызықты боп көрінеді. Қоғам да, әлем де өзгерген соң, өнердің дәстүрлі классикалық дамуы да артта қалды, елдің бәрі жаңашылдықты қалайды. Біз сәулеттегі идея және әдіс-шешімдер тұрғысынан әлемдік туындылардан кем түспеуге тиіспіз. Біздің де мықтылардың қатарын енуіміз қажет, ол үшін ойлау жүйесін кеңітіп, дамуымыз керек. Адам үнемі жаңа нәрселерді қолдануға ұмтылатын болады, бұл барлық салаға қатысты, сәулет әлемі де одан тыс қалмайды.

Сізге қандай ғимараттар мүлдем ұнамайды?

– Сәулетші көзімен қарағанда, біздің қалада маған ұнамайтын жайттар көп. Соны айтып, ел алдында сөз сөйлеп жүрмін. Айтатын ұсыныстар көп қой, бірақ бәрі бірдей орындала қоймайды. Алматыдағы көптеген жобаларға қарсы болған едім. Әсіресе, ескі ғимараттарды сауда үйілеріне айналдырғанын қаламаймын. Нысанның сыртқы пішінін адам танымастай өзгертіп жібереді, кейде бұған тіпті күлкің келеді. Дегенмен өте әсем ғимараттар да көп, әсіресе, жас дарынды сәулетшілердің жұмыстарына риза болам. Кейбіреулер шетелден мамандар шақырып жатады, негізінде өзімізде де дарынды жастар көп. Әрбір сәулетші ең алдымен өз қоғамы үшін қызмет етуі керек.

– Астанадағы құрылыс нысандары жөнінде не айтасыз? Бәрі көңіліңізден шыға ма?

– Елордадағы тұрғын үйлердің сапасын ауыз толтырып мақтай алмаймыз, әрине. Астананың символына айналған сол жағалаудағы негізгі нысандар үлкен еңбекпен сапалы етіп тұрғызылғаны рас.  Бірақ тұрғын үйлер құрылысының сапасы көңіл қуантарлықтай емес. Мұның себебін түсіндірейін. Біздің мемлекетіміз құрылыс нысандарын салуға үлкен қаражат жұмсайтындай бай ел емес, жоғары дамыған елдердің ғана сапасы мықты құрылыс материалдарын пайдалануға мүмкіндігі бар. Қазірде қуат көзін үнемдеу, балама энергия туралы айтып жүрміз. Қазір жағдай түзелді, бірақ он жыл бұрын салынған ғимараттар артта қалды. Ол кезде қазіргідей қаражат та жоқ болатын. Мәселен, біздің ел мен басқа да мемлекеттерде салынған жобасы мықты нысандарды салыстырсақ, олардың материалдарының сапасы бөлек екені бірден көрінеді. Бұл құрылыстардың сыртқы түрі де өзгеше әрі ұзақ жылдар бойы осы қалпын сақтап тұра алады. Еуропада салушы жылу мен қуат көзін үнемдеуге мүмкіндік беретінін түсініп, сапасы жоғары мықты материалдардан қаражатын аямайды. Үкімет те салушыға қолдау көрсетеді. Бұл бәріне де үлкен табыс әрі пайда әкеледі. Ал біздің елде, тұрғын үйді мемлекеттік бағдарламамен салса, көбінесе арзан материалдарды қолданады, нәтижесінде тұрғын үйлер көпке шыдамайды.  Жалпы айтар болсам, Астана – өте айрықша қала, жиырма жыл ішінде, мұндай орасан зор аумаққа ғимараттар тұрғызу оңай емес. Қай заманда болмасын, кез келген мемлекет астанасын көшіріп, жаңадан қала сала алмайды. Жалпы, әр сәулетшінің арманы елінің жаңа астанасын салуға ат салысу. Бірақ Астанадағы маңызды нысандарды салған  Норман Фостер де, басқа сәулетшілер де сол нысандарының ашылу салтанатына келмеген, себебі бекітілген эскиздік жоба бойынша құрылысты салған мердігерлер мүлдем басқа материалдарды қолданған. Бұл сәулетшілер ашылу салтанатына келген жоқ. Өздерінің әлемдік нысандар каталогіне де бұл құрылыстарды енгізбеді. Өйткені бұл ғимараттарды өз деңгейлерінен төмен санайды. Өкінішке орай, сапасы нашарлау. Сәулет дегеніміз, әрине, өнер ғой, бірақ осы өнерді қолданатын кім? Нысандар қаншама жылдар бойы тұрады, жаңа адамдар келіп, бірдеңені қайта тұрғызады, жаңартады, толықтырады. Сол себепті бастапқы идеясы өзгеріп кетеді. Сонысы өкінішті-ақ.

Жаңалықтар
0