АСТАНА, 3 қаз — Sputnik. Алматы әуежайында жолаушылардың бірі сынап төгіп алғаннан кейін алты рейс кешіктірілді, деп хабарлады әуе жайдың баспасөз қызметінде.
3 қазанда "Эйр Астана" әуекомпаниясының Алматы-Тбилиси бағытындағы №141 рейсін рәсімдеуде жолаушыны жеке тексеру кезде сынабы бар сұйықтыққа ұқсас ыдыс алынды.
"Авиация қауіпсіздігі қызметкерінің күдікті ыдысты алу қажеттілігі туралы талабына, жолаушы еш ескертусіз, ешқандай түсінік берместен оны қоқыс шелекке лақтырып жіберді. Салдарынан сұйықтық төгілді", — делінген әуежай баспасөз қызметінің хабарламасында.
Әуежайдың ақпаратына сәйкес, бұл ақпарат тез арада басшылық пен қауіпсіздікке жауап беретін әуежай қызметтері, Алматы ТЖ қызметтері, терминал ғимаратындағы әуежай қызметкерлеріне жеткізілді.
Терминал ғимаратынан жолаушылар мен әуежай қызметкерлері тез арада қауіпсіз жерге көшірілді. ТЖ қызметкерлері жолаушылар терминалының ғимаратында төгілу салдарын жою үшін барлық қажетті шаралар қабылдауда.
"Алты рейс кешіктірілді: үш ішкі және үш халықаралық. Қазіргі уақытта Алматы Халықаралық әуежайының барлық қызметтерінің жұмысы толығымен қалпына келтірілді", — делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары бұл факті бойынша тексеру жүргізуде.