АСТАНА, 3 қаз — Sputnik. 3-4 қазанда екі ел президенттерінің қатысуымен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы жұмысын бастайды. Форум жұмысының алғашқы күні оның қатысушылары ЭКСПО-2017 нысандарын аралап, сонымен қатары жастардың өзекті мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатыса алады.
Ұйымдастырушылардың мәліметтеріне сәйкес, форумның іскерлік бөлімі екінші күні болады. Бизнес-таңғы ас, байланыстар биржасы мен қазақстандық-ресейлік іскерлік кеңестің отырысы 4 қазанда өтеді. Осы күні Қазақстан мен Ресейдің көліктік-логистикалық кешенін дамытуға, шикізаттық емес өнімдер экспортын қолдау тетіктері мен туризм мәселелеріне арналған панельді сессиялар жоспарланған.
Бұдан бөлек, қазақстандық-ресейлік бизнес форум аясында Forbes және Global-2000 тізімдеріне енетін іргелі компаниялар жетекшілерінің қатысуымен азық түлік өнеркәсібі, химия, металлургия, инновациялар, машинажасау, фармацевтика және құрылыс материалдарын шығару секілді экономиканың басымды салаларындағы жобалар бойынша 30-дан астам екіжақты келісімдерге қол қою күтіледі.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин бизнес-форумның жабылу салтанатында сөз сөйлейді. Одан кейін оларға Еуразиялық кеңістіктің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту бағдарламасы таныстырылады.