АСТАНА 27 қыр — Sputnik. Қазақстанда "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы даярланды, қазіргі уақытта ол талқылануда, деп мәлімдеді ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.
"Қазіргі уақытта бағдарламаның тұжырымдамасы дайын, ол үкіметпен және жергілікті атқарушы органдармен келісілуде", — деді Бишімбаев үкімет отырысында.
Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жолымен екінші деңгейдегі банктердің қолжетімді ипотекалық қарыздар беруі арқылы сұранысты ынталандыру. Сондай-ақ тұрғын үй салу үшін құрылыс салушыларға қолжетімді қарыздар беру арқылы ұсыныс ынталандырылады.
"Яғни, "Жол картасы бизнесіне" балама тетік ұсынылады: екінші деңгейдегі банктерден қаржы тартылады. Қолжетімді баспана құрылысына сонымен қатар көппәтерлі тұрын үй құрылысына тартылатын ставканы субсидиялау жоспарлануда", — деп қосты Бишімбаев.