АСТАНА, 23 қыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен және өткізумен айналысатын "Өтеулин" шаруа қожалығына барып, аграрлық кәсіпорын қызметімен, сондай-ақ егін алқабының жай-күйімен танысты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерімен әңгімелесті.
"Қостанай облысы ауыл шаруашылығы тауарын ең көп көлемде шығаратын өңір болып саналады. Мемлекет ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуін жалғастыра береді. Осы саланы ғылымның қазіргі заманғы жетістіктерін ескеріп, озық шетелдік тәжірибені зерделей отырып жетілдіру қажет. Бұл ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді", – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға жемісті жұмыс пен зор табыс тіледі.