АСТАНА, 22 қыр — Sputnik. Жамбыл облысында бейсенбі күні кешке мұнай базасында өрт шығып, салдарынан кәсіпорынның үш жұмысшысы күйік шалып ауруханаға жатқызылды. Бұл ақпаратты Sputnik агенттігіне ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов растады. Бұдан бұрын Меркі ауданындағы мұнай базасы өртеніп жатқаны туралы бейнекөріністі ғаламтор пайдаланушылары жария еткен.
"Кеше, 22 қыркүйек күні сағат 18.30-да Меркі ауданының Меркі ауылында мұнай базасы аумағында мұнай өнімдерін құю кезінде көлемі 60 тонна болатын бір цистерна мен көлемі 50 текшеметр келетін екі резервуар өртенді", — деді Иманқұлов.
Оның мәліметінше, өрт қойма ғимаратының төбесіне өтіп, өрт ауданы 200 шаршы метрді құраған.
"Өрт сағат 19.20-да ауыздықталып, 19.50-де сөндірілді. Мұнай базасының үш жұмысшысы күйік шалып, ауруханаға жатқызылды", — деді Иманқұлов.