АСТАНА 22 қыр — Sputnik. Бүгін, 22 қыркүйекте күні Қазақстан қажыларының соңғы легі Мадина-Алматы бағыты бойынша елге оралды деп хабарланады ҚМДБ ресми сайтында.
Қазақстан Қажылық Миссиясы үйлестіру, ұйымдастыру, қадағалау жұмыстарын жоғары деңгейде жүзеге асырды.
Қажылық кезінде 50 имам түсіндіру жұмыстарымен айналысты; қажылық Миссиясының құрамындағы 14 дәрігер 500-ден астам қажыға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер тобының жұмыс кестесі жасалып, медициналық көмек көрсету қызметі 24 сағат бойы жүзеге асты.
Қажылық Миссиясының штабынан ашылған стационарлық бөлмеде 25 адам емделді. Көп жағдайда отандастарымыз арасында қан қысымының көтерілуі, қан тамырлары аурулары, жүрек аурулары, т.б. байқалды. Денсаулығына байланысты шағым айтқандардың басым бөлігі – егде жастағы азаматтар.
Дәрігерлер тобына арнайы 1 медициналық жедел жәрдем көлігі бөлінді. 2016 жылы қажылық маусымында адам шығыны тіркелмеді.
Биыл елімізден 3000 мұсылман қажылық парызын өтеп қайтты.