АСТАНА 21 қыр — Sputnik. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда бекіре балықтарын аулауға тиым салынды деп хабарлайды ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бұдан басқа, қазіргі таңда АШМ жұмыс істеп тұрған бекіре балық өсіру зауыттарының жиынтық қуатын жылына 7 миллионнан 12 миллион дана бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабағына дейін ұлғайтып, олардың өндірістік базасын қайта жаңарту жолымен бекіре тұқымдас балық түрлерінің өсімін көбейту мәселесін пысықтауда.
Сонымен бірге, АШМ республикалық бюджеттің қаражаты есебінен Жайық-Каспий бассейнінде балық шаруашылығы мелиорациясы бойынша инвестициялық ұсыныс әзірлеуді жоспарлауда. ҚР Ұлттық экономика министрлігіне үстіміздегі жылғы 7 қыркүйекте балық шаруашылығы мелиорациясын қаржыландыру тетігі бойынша сұрау салу жіберілді.
Ауланған балықтың есепке алынбаған жасырын айналымымен (браконьерлік аулау, балықты аулау лимитін бұзу – шамадан тыс аулау) күрес жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі балық және балық өнімі айналымы мониторингісінің жаңа автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізуді жоспарлауда.