Қоғам

Астанада Павлодар мен Жамбыл облыстарының күндері өтеді

© Photo : Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтыЖәрмеңке, сауда
Жәрмеңке, сауда - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Астанада қыркүйектің 23-25 күндері Павлодар мен Жамбыл облыстарының күндері өтеді.

АСТАНА 21 қыр — Sputnik.  Астанада қыркүйектің 23-25 күндері Павлодар мен Жамбыл облыстарының күндері өтеді деп хабарланады елорданың ресми сайтында.

Астанада қыркүйектің 23-25 күндері ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Жамбыл облысының мәдениет күндері өтеді. «Тарихи терең Тараздан тағзым» шарасы аясында үш күн бойы астаналықтар аймақтың тарихымен, мәдениетімен және негізгі жетістіктерімен танысады.

Бұл күндері ауыл шаруашылық тауар өндірушілер жәрмеңкесі, тарихи өлкетану музейі экспонаттарының көрмесі, филармония әртістерінің қатысуымен мерекелік концерттер өткізіліп, спектакльдер мен қойылымдар қойылады.

23 қыркүйекте сағат 11.00 қала тұрғындары мен қонақтары М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында С. Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегісін, ал сағат 19.00 Ш. Айтматовтың повесінің желісі бойынша дайындалған «Пегий пёc, бегущий краем моря» қойылымын тамашалайды. 24 қыркүйекте сағат 18.00 Ф. Буляковтың «Выходили бабки замуж» атты комедиясы сахналанады.

Сонымен қатар, сағат 16.00 Бейбітшілік және келісім сарайында облыс өнерпаздарының «Ұлы дала ұлысым» атты концерттік бағдарламасы да көпшілік назарына ұсынылмақ.
24 қыркүйекте сағат 18.00 «Жастар» театрында облыстық қазақ драма театрының М. Әуезовтың повесінің желісі бойынша Н. Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасы, ал 25 қыркүйекте сағат 16:00 «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылады.

24 қыркүйекте сағат 10.00-18.00 аралығында ҚР Ұлттық музейінде Әулие ата жерінің артефактілерін, қолөнершілер мен көркемсурет туындыларын тамашалауға болады.

24-25 қыркүйекте  жәрмеңкеге облыстан жалпы құны 300 млн теңгенінің 315 тонна өнім әкелінеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына сапалы, экологиялық таза және пайдалы өнімнің 30 түрі ұсынылады. Азық-түлік өнімдері базардағы бағадан 8–15% төмен сатылады. Жәрмеңке қалалық әкімдік алдындағы алаңда өтеді. «Қазақстанда жасалған» акция аясында ауыл шаруашылық және өндірістік көрме ұйымдастырылады.

Мұнымен қоса, 24-25 қыркүйекте Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары павлодарлық ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдерін сатып алу мүмкіндігіне ие болады. «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында өтетін жәрмеңкеде 100-ден аса кәсіпкер өз тауарын ұсынбақ. Жәрмеңкеде 90 тонна ет және ет өнімдері, 300 тонна картоп, 140 тонна көкөніс және 150 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері сатылады.

Павлодарлық кәсіпорындар елорда тұрғындарына азық-түлік өнімдерінің мол түрін, ұлттық тағамдар ұсынады. Сондай-ақ, павлодарлық колөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.
Жиналған қауым облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалайды.

Жаңалықтар
0