АСТАНА, 21 қыр — Sputnik. ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шарттың ратификациясын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik тілшісі.
Екі елдің стратегиялық серіктестігі туралы шартқа 2015 жылы қыркүйекте ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәжiкстанға ресми сапары барысында Душанбеде қол қойылды.
Келісім шарттарына сәйкес, елдер өз қарым-қатынастарын теңдік, өзара сенімділік, стратегиялық серіктестік негізінде құрады, делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің тұжырымында.
ҚР Сыртқы iстер министрiнiң мiндетiн атқарушы Мұхтар Тiлеубердiнің ақпаратына сәйкес, жаңа шарттың мақсаты стратегиялық әрiптестiк деңгейiндегi екi жақты қарым-қатынастарды және екi елдiң тығыз өзара iс-қимылын бекiту болып табылады. Құжат жоғары және биiк деңгейлердегi саяси диалогты жетiлдiрудi, сондай-ақ екi жақты қарым-қатынас мәселелерi және өзектi халықаралық проблемалар, халықаралық терроризм мен экстремизм қатерлерiне қарсы iс-қимыл жасау және оларды бейтараптандыру ұмтылыстарын үйлестiру жөнiндегi ұстанымдарды келiсудi көздейдi.
"Аталған шартқа сәйкес, тараптар бiр-бiрiне қарсы күш қолданудан немесе күш қолдану қатерiнен тартыну, үшiншi елдермен екiншi тараптың егемендiгiне, қауiпсiздiгi мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтiретiн шарттар жасаспау мiндеттемесiн растайды. Бұдан бөлек, шарт әскери және әскери-техникалық, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, азаматтық қорғаныс, энергетика салаларында ынтымақтастықты кеңейтудi көздейдi", — деді Тілеуберді.