АСТАНА, 20 қыр — Sputnik. Қазақстанның кейбір облыстарында жылыту кезеңінің ойдағыдай өтуіне әсер етуі мүмкін проблемалардың бар екендігін мойындады республиканың энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Оның мәліметіне сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнына тұтынушылар шамамен 354 млн.теңге берешек, бұл жағдай жөндеу жұмыстарын жүргізуге кері әсерін тигізеді.
"Қазан айынан бастап әлеуметтік нысандарға жылу беруді жоспарлап отырмыз, кәсіпорында көмірді жинау жұмысы қыркүйектің ортасында басталды. Мазутты жеткізу мәселесі шешілген жоқ, алдыңғы жылдан да қалған мазут жоқ", — деді Бозымбаев үкімет отырысында.
Қарағанды облысының Теміртау қаласында материалдар мерзімінен кеш жеткізілгендіктен "Арселор Миттал Темиртау" акционерлік қоғамындағы №1 қазандықты және 2-ші Жылу электр стансасындағы №1 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу мерзімі қазанның ортасына дейін, ал № 2 қазандықты жөндеу 30 қыркүйектен 25 желтоқсанға дейін ұзартылған. "Яғни, күзгі-қысқы маусымда негізгі жабдықтардың резерві қамтамасыз етілмейді", — деп қосты министр.
Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында 1,6 миллиард теңгені құрайтын берешегі өтелмегендіктен «Энергоорталық-3» АҚ Шымкенттік жылу электр орталығына газ беру осы жылдың 21 тамызынан бастап тоқтатылған. Бұдан бөлек 2014 жылдың желтоқсан айында Шымкенттік жылу электр орталығында қуаттылығы 125 MBA құрайтын АТ-2 автотрансформаторы істен шықты. Оның орнына 2015 жылы қуаттылығы 63 МВА құрайтын автотрансформатор уақытша қойылды. "Енді қуаттылығы 125 MBA құрайтын АТ-2 автотрансформаторын ауыстыру қажет. Қазіргі уақытта автотрансформаторға Шымкенттік жылу электр орталығында монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр", — деді министр.