АСТАНА, 16 қыр —Sputnik. Өзбекстан Президентінің міндетін уақытша атқарушы, премьер-министр Шавкат Мирзиеев ел президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды деп хабарлайды Sputnik Өзбекстан республиканың ОСК-ке сілтеме жасап.
"Өзбекстан УзЛиДеП (либералдық-демократиялық партиясы) саяси кеңесі отырысында Шавкат Мирзиеевтің кандидатурасы Өзбекстан президентінің сайлауына ұсынылды", — делінген комиссияның хабарламасында.
2 қыркүйек күні 78 жастағы Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов инсульттан көз жұмды. Республика президентінің міндетін уақытша атқаруға премьер-министр Шавкат Мирзиеев кірісті. Конституцияға сәйкес осы лауазымды иеленуі тиіс сенат төрағасы Нигматилла Юлдашев қызметтен өз еркімен бас тартты.
Өзбекстан ОСК төрағасы Мирза-Улугбек Абдусаломов президент сайлауы 4 желтоқсанда өтетінін хабарлады. Кандидаттарды ұсыну 30 қыркүйекте басталып, 20 қазанда аяқталады.