АСТАНА, 13 қыр – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросындағылар "Қорғас ісі" бойынша халықаралық іздеуде болған Бекболат Қайырбаевты ұстады деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.
Қытайдан Қазақстанға контрабандалық тауарларды тасымалдауды ұзақ уақыт бойы іске асырған белсенді ұйымдасқан қылмыстық топты қаржы полициясы органдары 2011 жылы анықтады. Іс бойынша басты сот талқылауы 2013 жылғы маусымда басталды. 2014 жылғы сәуірде осы іс бойынша 45 сотталушы түрлі мерзімге сотталды. Бас бостандығынан айырудың ең ұзақ мерзімі – 16 жыл ҰҚТ көшбасшысы Талгат Қайырбаевқа берілді.
"Кешенді іздестіру шаралары нәтижесінде ағымдағы жылғы 11 қыркүйекте Алматы облысының аумағында ҰҚТ көшбасшысы Талгат Қайырбаевтың туған бауыры — "Қорғас ісі" бойынша халықаралық іздеуде болған Б.Қайырбаев ұсталды",-делінген хабарламада.
"Ағасының тапсырмасымен Бекболат Қайырбаев Талғат Қайырбаевты қылмыстық жауапкершілікке тартпас үшін лауазымды қызметкерлерге өзінің таныстары Зиманова М., Аубакирова У., Кусманова. және Юсупова Р есімді азаматшалар арқылы 3,2 миллион доллар көлемінде пара беріп жіберген", — деп көрсетілген хабарламада.
Қайырбаев 2012 жылғы наурыздан бері іздеуде болған. Ол Талдықорған ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.