Қоғам

Құрбан айт: "Қуанса, бала қуансын"

© SputnikДети
Дети - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Астанада Құрбан айт мейрамына орай қала мешіттерінде "Қуанса, бала қуансын" мерекелік іс-шаралар барысында балаларға базарлық үлестіріледі, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
АСТАНА, 9 қыркүйек – Sputnik. Астанада Құрбан айт мейрамына орай қала мешіттерінде "Қуанса, бала қуансын" мерекелік іс-шаралар барысында балаларға базарлық үлестіріледі, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.

"Айт намазын әрі мерекені мешітте өткізуге жиылған жұртшылыққа құрбандық шалу рәсіміне қатысты арнайы түсіндірме буклеттері 10 мың данамен тегін таратылады. Мүбарак мейрамнан бүлдіршіндер де шет қалмайды, "Қуанса, бала қуансын" шарасында балаларға базарлық үлестірілмек", — делінген хабарламада.

Мерекенің басты мақсаты құрбан шалып, ізгілік жасау болғандықтан, мүмкіндігі жеткен адам Алла жолында мал сойып, мұсылмандық міндетін өтейді. Осыған орай биыл да қала әкімдігі санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында, құрбандыққа шалынатын малдарды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы орындарды бекітіп берді. Тарқатып айтар болсақ, құрбандық малдары мына мекенжайларда сойылуы тиіс: 1. "Алтын Таға", мал базары, (Есіл ауданы, Астана-Қосшы тас жолы); 2. "Нұрбереке 555" ЖШС, (Алматы ауданы, Алаш тасжолы № 30); 3. "Саянур" базары, (Сарыарқа ауданы,Тілендиев даңғылы,№ 36); 4. "Темеш" ШҚ, (Сарыарқа ауданы, "Астана – Софиевка тасжолы", 7 км); 5. "Метро", (Алматы ауданы, Астана – Қарағанды тасжолы); 6. "Жайлау", (Сарыарқа ауданы, Алаш тасжолы, 33); 7. "Мақсат 2007", (Алматы ауданы, Железнодорожный кенті, Акжар к-сі, 20); 8. "Шаушен" ЖШС, (Алматы ауданы, Астана Павлодар тасжолы, 9 км).

Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Арман Пірзадаев аталмыш нысандар Құрбан айттың құрметіне, ел игілігі үшін берілгендіктен, мал сою барысында санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.Айта кетсек, осы мақсатта жуырда ғана "Нұр Астана" орталық мешітінде қасапшыларға арнайы семинар-тренинг өткізіліп, құрбандық малын шалудың шариғи, медициналық талап-шарттары жан-жақты түсіндірілді.

Ал айтулы мереке күндері Астана мешіттерінде "Раббың үшін құрбан шал" қайырымдылық шарасы ауқымды түрде өткізілмек. Шара аясында дін қызметкерлері қала әкімдігімен бірлесе отырып, жиналған құрбандық еттерін тұрмыс-ахуалы төмен, мұқтаж отбасыларға таратуды жоспарлайды.
Жаңалықтар
0