АСТАНА, 6 қыр — Sputnik.Бір кездері аула тұрғындарына сыйлы, үлгі болған көршінің қазіргі халі тым мүшкіл. Қартайған шағында қайғы ойлап, жалғыздығына қапа болды ма, әйтеуір көп ішетінді шығарды. Сөйтіп, ащы суға үйір болып жүріп, ақыр аяғында пәтерін алаяқтарға ұттырып тынды. Ендігі барар жері, басар тауы – вокзал, қала берді базар маңы. Қоқыс жәшіктерін тіміскілеп, қайыр сұраумен өлместің күнін кешуде.
Қоқыс пен күресіннің қат қабатын ақтарған осындай адамдар саны күн санап көбейіп барады. Үсті-басы алба-жұлба, түрі ұсқынсыз қайыршылар Астананың вокзалы мен базарына мықтап қоныс тепкен сыңайлы. Тәртіп сақшылары ескерту жасамаған соң "сен тимесең, мен тиме" дегендей әр жерде бүк түсіп ұйықтап жатады. Елордаға тұңғыш ат басын тірегендердің осы көріністі көргенде алып ұшқан көңілі су сепкендей басылмай қайтсін?! Көпке арман болған қаладағы бұл көрініс кімге болсын жақсы әсер қалдырмасы анық.
Бұл аздай бұрыш-қуыстарда, аялдама атаулыда топ тобымен сығандар шұбырып жүреді. Көшеде ақша сұрап қыр соңыңнан қалмаса, қоғамдық көліктерде ән айтып алақан жаяды. Құран сүрелерінде кездесетін кейбір сөздерді бірнеше мәрте қайталап, Алла ризалығы үшін деп тіленген соң жұрт тиын-тебенін беріп құтылады. Бесіктен белі шықпаған сәбилерін азды күнде орап алып, құдай үшін садақа дәметкен әйелдерге қарап, не айтарыңды да, не ойларыңды да білмейсің. Ертеден қара кешке дейін алақан жаюдан жалықпайтын босқындардың қайыр сұрау қанына сіңген қасиеті, ата кәсібі ме дерсің.
Ерке Есілдің жағасында күн санап көркейіп келе жатқан әсем шаһардың көрер көзге көлеңкелі тұсы осы екені айқын. Осы орайда, Астана қайыршылар үшін жайлы мекенге айналып бара жатқан жоқ па деген ой туындайды.
Қазақстан өркениетті елдер қатарына енуге талпынған шақта бүкіл әлем оның елдік болмысы мен әлеуметтік экономикалық жағдайына сынай қарайтыны айтпаса да түсінікті. Ел астанасын қайыршылар жайлап жатқан елге қандай көзқарас қалыптаспақ? Жалпы адамзат өркениетінің озық жетістіктерін бойына жиып, кемелденген елдер қатарына кіру оңай шаруа емес. Олай болса, бұл мәселеге немқұрайлылық танытпаған абзал.
Астана — бас қала, ел астанасы болғандықтан, еліміздің басқа қалалары оған қарап бой түзейтііні белгілі. Ғимараттары аспанмен таласқан кербез қаланың келбеті мұнарланып көз тартса, ішкі құрылымдық жүйесі, қоғамдық өмірі де сондай болуы тиіс.Қысқасы, әлемдік сәулет үлгісімен салынып жатқан Елорданың өз дәрежесіне лайық болуы елдігімізге сын, болашаққа бастар жолдың баспалдағы іспеттес.
Ендеше, қазақтың дарқандығын пайдаланып босып жүрген сығандар, еліміздегі қайыршылар жергілікті билік назарынан бей-жай қалмауы тиіс.
Қоқыс жәшіктеріндегі ғұмыр
16:38 06.09.2016 (жаңартылды: 12:52 09.08.2023)
© SputnikАстана, Байтерек - рекадр
© Sputnik
Жазылу
Үсті-басы алба-жұлба, түрі ұсқынсыз қайыршылар Астананың вокзалы мен базарына мықтап қоныс тепкен сыңайлы. Тәртіп сақшылары ескерту жасамаған соң "сен тимесең, мен тиме" дегендей әр жерде бүк түсіп ұйықтап жатады. Елордаға тұңғыш ат басын тірегендердің осы көріністі көргенде алып ұшқан көңілі су сепкендей басылмай қайтсін?!