Мәдениет

Көне экспонаттар мен жаңа технологиялар үйлесім тапқан Ұлттық музей

Жазылу
Музей атриумы төрінде көзге түсетін мемлекеттік рәміздегі алтын түсті күн мен көгіндегі қыран құс әнұранның ырғағымен қалықтап, азат елдің биіктерге қол созған асқақ арманын меңзетеді.

Елордамыздың қақ төрінде бой көтерген Ұлттық музей еліміздің Бас алаңы – Тәуелсіздік алаңында орналасқан. Ол, егемен мемлекеттің рәмізі "Қазақ елі" монументі, Тәуелсіздік сарайын, Бейбітшілік және Келісім сарайын, Ұлттық өнер университетін және "Хазірет Сұлтан" мешітін біріктіріп тұрған композицияның соңғы элементі. Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей жобаның көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографикалық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Ғимаратта мың жылдық тарихы бар экспонаттар мен ең заманауи технологиялар үйлесім тапқан.

Музей атриумы төрінде көзге түсетін мемлекеттік рәміздегі алтын түсті күн мен көгіндегі қыран құс әнұранның ырғағымен қалықтап, азат елдің биіктерге қол созған асқақ арманын меңзетеді. Сол жақ қабырғадағы медиаэкран негізінде таныстырылатын Қазақстан картасындағы қыран құс көрмеге келген жандарды байтақ еліміздің жазиралы жазығы мен сайын даласына саяхат жасатады. Оның жоғары жағында Еласының: "Қазақстан: баянды ел, байтақ жер, бағаналы орда" деген қағидасы жазулы.

Ұлттық мұражайдың экспозициялық кешендерінде Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар. Елорданың даму тарихын ашып көрсететін Астана залының экспозициялары ең жаңа тарих, сурет, жоспар, сызба, макет, мұрағат құжаттары және бұйымдар тілімен сөйлейді. Астана залында өзіне назар үйіретін нәрсе – елорданың серпінді бірегей макеті мен медиа-еден, бұл екеуі бірегей иілгіш экранмен тұтаса келіп қызықты шоу құрайды. Белгілі бір мезетте музыка ойнап, медиа-едендер түрлі суреттер шығарып, жарық шоумен жер астынан Астана қаласының макеті көтеріледі.

Музейдің Алтын залына қола дәуірінің алтын әшекейлерімен бірге сақ-скиф дәуіріндегі бай қазынадан, ғасырлар сабақтастығын жалғастырған Алтын Орда кезеңіне дейінгі құндылықтарды қамтыған артефактілер қойылған. Олар екі залды қамтып отыр. Шын мәнінде музей өте үлкен. Оның барлық экспонаттарын жете қарап шығу үшін бір күн жетпейді. Сол мезетте сәулетшілер архитекторлық жоспарланған шешімдерді жақсы ойластырған. Әрине тарихи хронология сақталған. Бұл барлық музейілердің өзгермес талабы.

Жаңалықтар
0