Қазақ-түрік лицейлері жұмысын жалғастырады

© SputnikШкола
Школа - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жақында Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык Қазақстан билігінен осы қазақ-түрік лицейлерін жабуды сұрап, мәлімдеме жасады.Бірақ, еліміздің ұстаздарының жыл сайынғы тамыз кеңесінде Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздегі қазақ-түрік лицейлері жұмысын әрі қарай жалғастыратын мәлімдеді.

АСТАНА, 26 там – Sputnik. Сонау 90 жылдары Түркиядағы беделі зор діни қайраткер,  оппозиционер Фетхуллаһ Гүлен негізін қалаған білім беру жолымен әлемнің түкпір-түкпірінде түрік лицейлері ашылды. Бұл бастаманы екі елдің басшылары — Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі Түркия президенті Тұрғұт Өзал да қолдап, олардың келісімі негізінде елімізде де қазақ-түрік лицейлері ашыла бастады. Жақында Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык Қазақстан билігінен осы қазақ-түрік лицейлерін жабуды сұрап, мәлімдеме жасады. Өйткені, бүгінде Гүленнің өзі қазіргі Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанды биліктен тайдырмаққа әрекеттеніп, төңкеріс жасады деген күдікке ілініп, шетелде бас сауғалап жүрген көрінеді.

Түркия билігі Гүленнің жақтастары деп әскери шенділерден бастап, оқу орындарының оқытушыларын, имамдар, шенеуніктер мен журналистер, прокурорлар мен судьяларды тұтқындауға кірісті. Енді ол аз болғандай Орта Азия елдеріндегі аталмыш лицейлер Гүлен ілімін насихаттауы мүмкін екендігін тексеруді сұрауда. Түрік елшісінің шұғыл шара қолдану турасындағы өтініші елімізде де билік назарынан тыс қалған жоқ.

Жақында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның шақыртуымен Түркияға іс-сапарының қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесінде елімізде аталмыш оқу орындарының жұмысын зерделейтін арнайы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, президенттің нұсқауымен осы ведомствоның жанынан комиссия құрылыпты, бір айға жуық уақытта аталмыш мәселенің ақ-қарасын анықтамақ. Осы орайда бүлікшілерден шошып қалған ресми Анкараға Гүлен ілімін ұстанып, насихаттап жүрген түрік ұстаздары болса, олар өз елдеріне қайтарылады деп уәде етілді.

"Жақында еліміздің ұстаздарының жыл сайынғы тамыз кеңесінде Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздегі қазақ-түрік лицейлері жұмысын әрі қарай жалғастыратын мәлімдеді. Бұған басты себеп мұнда Гүлен ілімі, діннің мүлдем насихатталмайтындығымен, дінге қатысты пәннің оқытылмайтындығымен түсіндіріліп отыр.Оның үстіне қазақ-түрік лицейлері еліміздегі жалпыға ортақ білім беру стандарты бойынша оқытылады, мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Яғни, бұл мектептер мемлекеттің мүддесіне, еліміздің болашағына жұмыс істеп жатыр",-деп түсіндірді лицейлер жабылады деп елді дүр сілкіндірген хабарды жоққа шығарған еліміздің білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ел егемендігін алып, еңсесін тіктеген тұста шетелдің озық білім жүйесін, халықаралық білім стандарттарын отандық ағарту саласына енгізу қажеттілігі туындады. Осы тұста қазақ-түрік лицейлерінің тиімді балама ретінде таңдалып алынғалы белгілі. Кеңес одағында білім мен тәрбие алған ұстаздар озық тәжірибені зайырлы мемлекетіміздің жаңаша білім жүйесіне бейімдеп алып кетті. Тұсауы енді кесілген тұста бұл білім ошақтары қазақ-түрік қарым-қатынасын нығайтуды, елімізге халықаралық білім беру стандарттарын енгізуді мақсат тұтты.

Деректерге жүгінсек, 1995 жылдан бастап ашылған білім ошақтарының саны бүгінде 27-ге жеткен. Білім және ғылым министрлігі мен облыстық білім басқармаларының бақылауында жұмыс істейді.Сол уақыттан бері еліміздегі лицейлер шәкірттері түрлі білім додаларында барлығы 15156 медаль иеленіпті. Бұл медальдардың 5327-сіне, яғни үштен біріне лицей шәкірттері тек соңғы үш жылда қол жеткізіпті. Сөйтіп, теңіздей терең білімі бар оқу озаттары осы жетістіктерімен елдегі өзге оқу ордаларының алдын орап, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктер қатарынан табылды. Бұған талантты да талаптыларды іріктеуінің арқасында қол жеткізгендері айтпаса да түсінікті.

Бұл лицейлердің тағы бір артықшылығы еліміздегі жергілікті мектептерде үш тілділік саясатты енгізу енді жоспарланып жатса, көптілділік мұнда сонау 90 жылдары енгізіліп қойған болатын. Лицей түлектері қазақ, орыс,ағылшын тілдерімен қатар қосымша түрік тілін меңгеріп шығады. Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі қарқынды оқытыла бастайды, 7 сыныптан бастап жаратылыстану пәндері ағылшынша оқытылады, сөйтіп, ағылшын тілін меңгеруге барынша көңіл бөлінеді.Түрік тілі қосымша таңдаулы пән ретінде ғана оқытылады екен.

Дегенмен мемлекеттік тілдің мәртебесіне –қазақ тіліне мұнда басымдық беріледі. Қазақ-түрік лицейлері қазақ тілінде оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты деңгейіндегі оқу ордаларының қатарында. Ел тәуелсіздігінің 25 жылында біз орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілді меңгерте алмай жатқанда, бұл лицейлер түлектерін төрт тілде еркін сөйлетіп, елді аузына қаратты. Сондықтан да, аталмыш білім ордалары жабылады дегенде, көпшіліктің көкейінде сан сауал туғаны орынды. Енді міне, министрден қуанышты хабар естіген жұрт бұл ведомствоға күнде алғыстарын жаудырып жатқан жайы бар.

"Қазақ-түрік лицейлерінің отандық білім беру саласында өзіндік орны бар,олардың қызметін өзге елдердегі саяси жағдаймен  байланыстырудың қажеті жоқ.Оларға ешкімнің қысым көрсетуге құқығы жоқ, бұл Қазақстанның мектептері, Қазақстан азаматтары",-деп мәлімдеді министрлік өз ұстанымын. Сондай-ақ, осы білім ошақтарының білім беру, тәрбие ісіне министрлікпен қатар бақылау жасайтын "KATEV" халықаралық қоры да қазақ-түрік лицейлері мен өздерінің шетел үкіметтерімен, ұйымдарымен және өзге елдердің жеке тұлғаларымен еш қатысы жоқ екендігін айтады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне жүгінсек, 2016 жылдың ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша аталмыш лицейлер еліміздің «ең үздік 100 мектебі» тізіміне енген. Мұнда 1194 ұстаз қызмет етсе, оның тек 94-і ғана Түркия азаматтары,  қалғаны Қазақстан азаматтары. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" демекші, білікті мамандардан заман талабына сай білім алған шәкірттер қазіргі таңда биліктің түрлі тармағында жоғары лауазым иелері, табысты кәсіпкер атанып жүр.Сондықтан жылдан жылға олардың саны артса, атқарған қызметтерімен ел сенімін ақтап, еліміздің экономикасының өсуіне өз үлестерін барынша қосса, нұр үстіне нұр дейміз.

Жаңалықтар
0