АСТАНА, 22 там — Қазақстан жаңалықтары АА. Қазақ тілінің кең таралып, қазақтілді ақпараттық кеңістіктің кеңеюі үшін БАҚ жатпай-тұрмай күресуі тиіс, деп санайды тіл жанашыры, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы. Өйткені ағамыздың пікірінше, қазақтілді қауым жоқ жерде, қазақтілді БАҚ та болмайды.
1989 жылғы 22 тамыз күні "Тіл туралы заң" қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесін алды. Елімізде атап өтіліп жатқан тіл мерекесіне орай, біз филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы мырзаның пікірін білуді жөн көрдік.
БАҚ жатпай-тұрмай күресуі қажет
Редакциямыздың қазақтілді БАҚ-ты қалай дамытуға болады деген сауалына жауап берген профессордың айтуынша, қазақтілді БАҚ-тың дамуы, өркендеуі қазақтілді қауымның, қазақ тілді қоғамның қалыптасуына тікелей тәуелді. "Қазақша білім алған, қазақша оқитын, қазақша жазатын қауымның саны артқан сайын қазақ басылымдарының таралымы мен оқырманы көбейіп, электоронды БАҚ-тың көрушісі мен тыңдаушысы еселене түседі. Тыңдаушысы, көрушісі мен оқырманы көбейіп БАҚ-қа сұраныс артқан сайын оның сапасы да жақсарады. Олардың өз араларында шынайы бәсекелестік қалыптасады. Осылайша, біз оқырмандар газеттердегі сапасыз ешкім оқымайтын мақалалардан, телеарналарымызды жаулап алған арзан әзілдер мен сайқымазақ шоулардан, сапасыз хабарлардан, сайттардағы өсек-аяң мен мүкіс тілден арыламыз. Қазақ тілінің де бағы жанады. Сол себептен де қазақтілді БАҚ қазақ тілінің кең таралуы үшін, қазақтілді ақпараттық кеңістікті кеңейту үшін жатпай-тұрмай күресуі тиіс. Өйткені қазақтілді қауым жоқ жерде, қазақтілді БАҚ та болмайды", — дейді Құрманбайұлы.
Атқарылуға тиіс шаруа жетерлік
Тіл жанашыры Шрубай ағамыздың пікірнше, мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы керемет, мәуелі бәйтерктей жапырағын жайқалтып отырмыз деуге келмейді. "Керісінше, бұл бағытта атқарар шаруа, істейтін істеріміз жетіп артылады", — дейді профессор. "Бізде мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуді елдегі тілдік ахуалды ғылыми тұрғыдан терең зерделеу негізінде жасалған бағдарламаларға сәйкес жоспарлы, жүйелі түрде жүзеге асыру, тіл саясатын табанды да сауатты жүргізу жетіспейді. Өгізді де өлтірмейміз, арбаны да сындырмаймыз деген ұстаныммен, жан-жағымызға жалтақтап ілбіп басып келеміз. Осы өгіз аяң, өнімсіз тірлік ширек ғасырда мемлекеттік тілдің мерейін үстем ете алмады. Соның салдарынан тіліміздің бүгінгі жағдайы көпшіліктің көңілін көншітіп отырмағаны анық. Мемлекеттік тіл – сол мемлекеттің барлық аумағында, қоғам өмірінің бар саласында кеңінен қолданылатын, ел басқарып, заң шығаратын, ісқағаз жүргізілетін (біздегідей орыс тілінен аударып отыратын емес) ғылымды дамытып, білім беретін, ақпардың барлық түрін таратуға және алуға болатын, азаматтардың бәрі білуге міндетті, республика жұртшылығы жаппай қолданатын, бүкіл халықтың өзара қарым-қатынас құралы болатын, елдегі ең басты тіл болуы керек", — дейді Құрманбайұлы.
Мәртебе бар, қолданыс жоқ
Қазақ тілінің қоғамдағы орнына қатысты пікір білдерген ағамыз заң жүзінде бәрі қатмылған деп санайды.
"Біздің елдің заңдары бойынша қазақ тілі айрықша құқықтық мәртебесі бар басты тіл. Конституциямызда, Тіл заңында оның мәртебесі анық көрсетілген. Ширек ғасыр уақыт бойы басшы-қосшымыз, үлкен-кішіміз болып бәріміз мәртебелі тілдің иесі екенімізді айтудан, жалыққан емеспіз, — деген ағамыз. — Іс жүзінде тіліміздің сол мәртебесіне сай қолданысын қамтамасыз ете алмадық", — деп өкініш білдереді. "Заңымыз бен істеген тірлігіміз, сөзіміз бен ісіміз қабыспай тұр. Өзімізді өзіміз алдап қайтеміз, қазақ тілі елдегі басты тіл ретінде басымдыққа ие болып, баршаға бірдей міндетті тіл ретінде кеңінен қолданыс тауып отырмағанын көріп отырмыз ғой", — деп баса айтты профессор.
Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі тиіс
Қазақ тілінің қолдану аясын арттыру үшін, бірінші кезекте әр қазақ баласын тек қазақша оқытып, барлығымыз бір-бірімізбен қазақша сөйлесуіміз қажет. "Әрбір қазақ, әр қазақ отбасы қазақ тілінің жанашыры, қорғаны, қамқоры болуға тиіс. Біз осындай қазақ қоғамын қалыптастыруға тиіспіз. Қазақ тілін білмейтін, қазақша сөйлемейтін, жаза алмайтын қазақтардың аузына қарап, оларды аттан атқа, тақтан таққа мінгізіп отыратын болсақ, қазақ тілі ешқашан қолтығын жазып шауып, бүкіл ел аумағында қолданыс тауып, елдің басын біріктіретін басты тілге айнала алмайды. Егер барша қазақ өз тілімізде сөйлейтін халге жетсек, онда өзге отандастарымыздың барлығы біздің төңірегімізге топтасып, тілімізді құрметтейтініне еш күмән жоқ", — деп түйді Құрманбайұлы.