АСТАНА, 11 там — Sputnik. Көлік полицейлері Астана қаласы әуежайында Индияның екі азаматын және Атырау қаласы тұрғынын спирттік ішімдік ішкені үшін әуе рейсінен түсіріп тастады, деп хабарлайды көліктегі ІІД баспасөз қызметі.
Полицияның дерегіне сәйкес, ағымдағы жылғы 10 тамыз күні Астана қаласы әуежайының кезекші бөліміне "Эйр Астана" әуе компаниясынан мас күйде болған 2 жолаушыны Астана-Алматы бағытындағы әуе рейсімен тасымалдаудан бас тарту жөнінде хабарлама келіп түсті.
"Тексеру барысында 29 бен 46 жастағы Индияның екі азаматы анықталды. Көлік полицейлері мән жайды анықтау үшін азаматтарды жоғарыда аталған әуе рейсінен түсіріп алды. Бұдан соң құқық бұзушылардың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабының 1 тармағы, яғни, алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", — делінген хабарламада.
Дәл осы күні Астана әуежайындағы ЖПБ-нің кезекші бөліміне "Эйр-Астана" әуе компаниясынан тағы да бір құқық бұзушы жолаушыны тапсыру жөнінде хабарлама келіп түсті. Тексеру барысында ішімдік ішкен күйде "Атырау-Астана" бағытындағы әуе рейсінің бортында темекі шеккен Атырау қаласының 1962 жылы туылған тұрғыны анықталды.
Аталған факт бойынша ҚРКоАП ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабының 1 тармағы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) және 441 бабы 1 тармағы (Жекелеген қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салуды бұзу) бойыныша әкімшілік хаттамалар толтырылды.