Әлем

Ауғанстанның 23 миллион тұрғыны аштықтан өлуі мүмкін – БҰҰ

© AFP 2024 / -босқындар
босқындар - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.10.2021
Жазылу
Алдағы қыста миллиондаған ауғандық басқа елге көшу не аштыққа мойынсұну арасында таңдау жасауға мәжбүр болады

АЛМАТЫ, 26 қазан – Sputnik. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы және азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес, Ауғанстанның 23 миллион тұрғыны аштыққа ұшырауы мүмкін.

"Егер шұғыл шаралар қолданылмаса, қарашада Ауғанстанда ауқымды ашаршылық болу қаупі бар. Ел халқының жартысы, шамамен 23 миллион адам азық-түлік тапшылығына тап болады. Бұл әлем бойынша күрделі дағдарыс жағдайында тұрған ел үшін қайғылы жағдай болмақ", - делінген БҰҰ сайтындағы хабарламада.

Зерттеу жүргізген мамандар бұған бірнеше фактор әсер ететінін айтты. Ол құрғақшылық, жанжал, пандемия және экономикалық дағдарыс.

"Алда суық қыс келе жатыр, алайда Ауғанстанның кей ауданы гуманитарлық ұйым үшін қолжетімсіз болып отыр. Әрбір екінші ауғандық БҰҰ классификациясына сәйкес қауіптің үшінші немесе тіпті төртінші дәрежесіндегі дағдарыс деп танылған жағдайға тап болады. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ету және адамдардың өмірін сақтау үшін халықаралық қоғамдастықтың шұғыл араласуы қажет, әйтпесе Ауғанстанға гуманитарлық апат төнеді", - делінген хабарламада.

Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы бас директоры Цюй Дунъюйдің айтуынша, қыс түспей тұрып Ауғанстанның тұрғындарына шұғыл көмек көрсету керек.

"Әйтпесе миллиондаған адам, соның ішінде фермерлердің өзі, әйелдер, жас балалар мен қарттар суық пен аштыққа тап болады. Мұнда өмір мен өлім мәселесі сөз болып отыр. Біз көз алдымызда қайғылы жағдай болғанына жол беріп отыра алмаймыз!",- деп атап өтті Дунъюй.

Сондай-ақ дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы басшысы Дэвид Бисли Ауғанстанда әлемдегі ең күрделі дағдарыстың бірі қалыптасқанын атап өтті.

"Бұл ең күрделі дағдарыс болуы да мүмкін. Алдағы қыста миллиондаған ауғандық басқа елге көшу не аштыққа мойынсұну арасында таңдау жасауға мәжбүр болмақ. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – көмек көлемін арттыру және Ауғанстан экономикасын жандандыру", - деді ол.

БҰҰ мәліметтері бойынша, сәуірден бастап Ауғанстанда азық-түлік тапшылығы бар адамдардың саны 37%-ке өсті. Ерекше қауіп тобында бес жасқа дейінгі 3,2 миллион бала бар. Миллиондаған кішкентай ауғандыққа аштық қаупі төніп тұр – бұл туралы дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен ЮНИСЕФ айдың басында ескертті.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0