АЛМАТЫ, 12 тамыз – Sputnik. Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Анкарада жүрген қазақстандықтарға үндеу жасады.
Айтуынша, Анкарадағы Алтындағ муниципалитетінде (Ұлыс ауданына қарасты) сириялық босқындар мен түрік азаматтары арасында ұрыс-керіс шыққан. Салдарынан екі түрік азаматы жарақат алды. Сол себепті ауданда тұратын қазақстандықтарды жағдай орныққанша көшеге шықпауға шақырды.
"Құрметті Қазақстан азаматтары! Қазір осы ауданда жағдай тұрақсыз болып тұр. Осыған байланысты Қазақстан азаматтарын мүмкіндігінше кешкі уақытта аталған аудандарға бармауға және осы ауданда тұрып жатқан азаматтарға абай болу керектігін ескертеміз", - деп жазды Абзал Сапарбекұлы.
Сондай-ақ қандай да бір жағдайда елшілікке + 312 4919100 нөміріне хабарласуды сұрады.
Түркиялық БАҚ мәліметіне сәйкес, ұрыс-керіс кезінде жарақат алған Тркияның бір азаматы ауруханада қайтыс болды. Содан кейін аудандағы жағдай ушыға түсті. Сол маңдағы сириялық босқындарға тиесілі дүкендер мен мүлік қиратылып жатыр.