18:14 11 Сәуір 2021
Тікелей эфир
  • USD433.15
  • EUR515.06
  • RUB5.61
Әлемде
Қысқа сілтеме алу
70 0 0

Еуропа кезекті қатаң шектеулер енгізуге мәжбүр. Финляндия төтенше жағдай жариялады. Чехия инфекция жұқтыру көрсеткіші бойынша әлем елдерінің ішінде бірінші орында тұр

НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Еуропа дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель Ресейді жалған ақпарат таратумен айналысты деп айыптады. Дипломат мұндай мәлімдемені  Еуроодақтың демократиялық процестеріне шет мемлекеттердің араласуы жөніндегі Еуропарламенттің арнайы комитетінің жиынында жария етті. Оның пікірінше, Ресейдің жалған мәліметтер науқаны Еуроодақ демократиясын қаралауға және халықаралық ынтымақтастықты әлсіретуге бағытталған, деп жазды РИА Новости.

Боррель әлі де жалғасып келе жатқан пандемия кезінде жалған немесе шатастыратын ақпараттың қаупі орасан зор екенін ескертті.

"Біз Кремльге бағынышты арналар бетперде тағудан пайда жоқ екенін мәлімдегенін және локдаунға наразылық білдірушілерді арандатқанын көрдік", - деді ол.

Дипломаттың пікірінше, қазір Мәскеу вакцина дипломатиясына аяқ басып отыр. Яғни Ресей батыста дайындалған препараттарды қаралап, күмәнді етіп көрсетуге және өз вакцинасын басқалардан жоғары әрі тиімді етіп насихаттауға тырысып жатыр.

Шенеуніктің бұл мазасыздығын түсінуге болады. Себебі қазір Ресейдегі азаматтардың басым бөлігі үшін өмір сүру режимі бірте-бірте қалпына келуде. Сондай-ақ, жергілікті билік пандемияға байланысты енгізілген шектеулерді кезең-кезеңімен әлсіретіп жатыр. Ал Еуропа кезекті қатаң шектеулер енгізуге мәжбүр. Финляндия төтенше жағдай жариялады. Чехия инфекция жұқтыру көрсеткіші бойынша әлем елдерінің ішінде бірінші орында тұр. Сондықтан чехтарға өздері тұратын ауданнан шығуға тыйым салынды. Италияда да шектеулер күшейтілді.

Ал бір жылға жуық мерзім қамауда және толассыз шектеуде өмір сүріп келген еуропалықтар биліктің "бұл шаралардың барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін" деген негіздемелерінен шаршады. Құрлықта жаппай наразылық өршіп жатыр.

Жағдайдың күрделенгені соншалық, Еуропа елдері өз бетінше шұғыл әрекет жасауға мәжбүр. Мысалы, Чехия "Спутник V" вакцинасын жеткізу туралы Ресейге өтініш білдірді. Бұл ел президенті мен премьер-министрінің келісілген шешімі. Словакия Венгрия мен Сербия секілді еуропалық тұрақтандырғыш мақұлдауын күтпестен ресейлік препаратты жеделдетіп тіркеп алды. Елінде коронавирус өршіп тұрған поляктар бұл мәселеде Ресейден көмек сұрауы екіталай. Сондықтан олар инфекцияға қарсы вакцинаны сатып алу бойынша Қытаймен келіссөз жүргізуді бастады.

Қазіргі жағдай осыдан бір жыл бұрынғы оқиғаның қайталанып отырғанын көрсетуде. Былтыр пандемия басталған шақта Еуропалық одақ қауқарсыздық танытып, оның әрбір мүшесі алдағы проблемалармен өз бетінше күресуге мәжбүр болды. Әйтсе де, бұл екі жағдайдың жалғыз болса да аса маңызды айырмашылығы бар. Былтырғы пандемия форс-мажор болатын. Себебі ЕО басқа, бүтіндей алғандай бүкіл әлем бұл жағдайды күткен жоқ. Брюссель дағдарыс жағдайында жедел әрекет етуге қауқарлы емес екенін көрсеткенімен, пандемия аяқ астынан туындаған жаһандық проблема болғандықтан, ЕО-ны аз да болса ақтап алуға болар еді. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа.

Еуроодақ пандемиямен күресте стратегиялық жоспарлау, күрделі процестерді ұйымдастыру, қаражатты тиімді бағыттау ісіне білек сыбана кірісіп, коронавируспен қалай күресу керек екенін әлемге көрсетуге бел буды. Бірақ ең маңызды бағыттар бойынша жоспарлар сәтсіздікке ұшырады. Локдаун халық наразылығын тудырып, енді вакцина тапшылығы пайда болды.

Ең қызығы, Еуропа пандемиямен күресте өзін үлгі етіп көрсеткісі келген басқа мемлекеттердегі жағдай дәл осы Еуропадағы ахуалдан әлдеқайда жақсы. Мұның барлығына еуропалық билік қабылдаған қате шешімдер себепші. Бұл Еуроодақтың беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр.

Сондықтан шығысеуропалық мемлекеттер өз бетінше әрекет етуге бел буды. Олар ЕО құрамында өздерінің екінші орында екенін жақсы түсінеді. Сол сияқты коронавируспен күрес проблемасы бойынша көмекті басқалардың соңынан алатынын да сезіп отыр. Сондықтан келе-келе көп мемлекет өз кезегін қол қусыра күтіп отырғаннан шаршады. Олардың Брюссель рұқсат етпеген белсенділікке баруына басты себеп, міне, осы.

Брюссельдің қас-қабағына қарайлап, оның соңғы сөзін күтуді құп көрмейтін мемлекеттер тізімінің артуы Еуроодақ үшін жақсы нышан емес. Осыдан алты жыл бұрын Еуроодақ өз аумағындағы миграциялық дағдарысқа бастамашы болды. Оның салдары әлі күнге дейін бас көтеруде. Пандемиямен күрес те Еуропа саясатының кезекті құлдырауын айқын көрсетті. Стратегиялық есептердің тым жиі жаңылысуы жақсылық емес. Ал Брюссель өз кінәсін мойындамауын және еуропалық демократияға нұқсан келтіруді көздеді деп сыртқы жауларын айыптауды доғармаса, Еуроодақтың қателіктерден көз ашпауы ықтимал.

Загрузка...

Басты тақырып