Әлем

Карантин, коменданттық сағат және қатаң жаза: адамзат коронавируспен қалай күресті?

© Sputnik / Miguel Сandеla / Медиабанкке өтуЖители пригородной зоны в медицинских масках на переходе одной из станций метро в Гонконге
Жители пригородной зоны в медицинских масках на переходе одной из станций метро в Гонконге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қытайдан шыққан COVID-19 қысқа уақыт ішінде бүкіл әлемге тарап кетті. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы коронавирус пандемиясын жариялады

НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik. Содан бері жер-жаһанда осы індетке шалдыққандардың саны 80 миллион адамға жақындады. Ал одан 1,7 миллионнан астам науқас қайтыс болды. Бүгінде екі мемлекет қана коронавирустың тіркелмегенін мәлімдеп отыр. Sputnik Қазақстан пандемияның қалай басталғанын және осы індетке қатысты маңызды жәйттерді еске алды.

Жаһандық дүрбелең қалай басталды?

Өткен жылы желтоқсанның басында Қытайда белгісіз вирус туралы алғашқы ақпараттар шыға бастады. Содан инфекцияны жұқтырған адамдардың саны көбейе берді. Олардың басым бөлігі Ухань қаласындағы теңіз өнімдері базарында істеген немесе сол жерге барған болып шықты. Осыдан кейін жаңа вирус жарқанаттар арқылы тарады деген тұжырым жасалды. Ал кейбір ғалымдар инфекцияның зертханада жасап шығарылғанын мәлімдеді. Нобель сыйлығының иегері Люк Монтаньенің пайымдауынша, биологтар коронавирусқа ВИЧ-тің бөлшектерін қосқан. Сөйтіп, ЖИТС-ке қарсы вакцина жасап шығармақшы болды. Оған қоса, Ухань қаласында вирусология институты орналасқан. Ол жерде жаңа коронавирустарды зерттейді. Тіпті, гибридті вирус та шығарған кездері болды.

Дегенмен, Тревор Бедфорд сияқты сарапшылар вирустың мутацияға түсуі табиғи эволюцияға сай және оған нақты дәлелдер бар деп шықты. Француздың басқа да ғалымдары Люк Монтаньенің гипотезасын жоққа шығарды. Ал Ухань қаласының билігі вирусология институтын тексеру үшін арнайы мамандар тобын жіберді. Тексерістің нәтижесі бойынша жаңа коронавирустың зертханаға ешбір қатысы жоқ деген мәлімдеме таратылды.

Сөйтіп, ғалымдар вирустың қайдан шыққанын талқылап жатқанда Қытайдың Ухань қаласында және Хубэй провинциясында қатаң карантин енгізілді. Оның видеолары әлемді шарлап кетті. 

Ал Қытаймен шекаралас мемлекеттер шектеу шараларын енгізе бастады. Әуе рейстері қысқартылды. Көлік қатынасы шектелді. Жаңа вирусқа "COVID-19" деген атау берілді.

Қытайлық карантин аяқталғаннан кейін басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Жаһандық дүрбелең басталды. Індетке шалдыққандардың арасында өз-өзіне қол салған адамдар да болды.

Сол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсалуық сақтау ұйымын қауіпті вирус туралы ақпаратты уақытында бермегені үшін айыптап, қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді. Тіпті, ұйым құрамынан шығуға ниетті екенін айтқан. Артынан сенатқа ескерту хатын да жіберді. Осы құжат Американың ДСҰ құрамынан ресми түрде шыққанын білдіреді. Бразилия президенті де тура солай істейтінін айтты.

"Бізде коронавирус жоқ!"

Бүгінде әлем бойынша коронавирус жұқтырған адамдардың саны 80 миллионға жуықтады. Осы уақытқа дейін жаңа вирустан 1,7 миллион адам қайтыс болды. Ресми түрде тіркелген науқастардың саны жағынан алғашқы ондыққа АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Түркия, Италия, Испания мен Аргентина кіреді. Ал Қытай вирусты ауыздықтай алды. Сондықтан да бұл ел ресми статистикаға енген 86 мың науқаспен жүздіктің төменгі тұсында орналасқан.

Коронавирус кішігірім "арал мемлекеттерге" де жетті. Ал екі мемлекет әлі күнге дейін өз жерінде жаңа вирустың тіркелгенін растамай отыр. Олар – Түрікменстан мен Солтүстік Корея.

Бас кезінде түрікмен жерінде "коронавирус" сөзін айтуға да тыйым салған. Тіпті, бетперде киген азаматтарға айыппұл салу оқиғалары болды. Мәселен, ақпанның соңында Ашхабадта полицейлер бетперде киген бір әйелді тоқтатып, "биліктің вирусқа қарсы шараларына күмәнмен қарайсың" деген желеумен 249 манатқа (29 867 теңге – Sputnik) айыппұл салған. Ал 9 мамырда ел астанасында Жеңіс парадын және "Мәңгілік полк" акциясын өткізді. 

Бүгінде Түрікменстанда сақтық шаралары күшейтіліп отыр. Блок-бекеттер қойылып, дезинфекция жүргізіледі. Бетперде кимегені үшін айыппұл салынады. Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, "қауіпті инфекциялық ауруларды" емдеуден қашқандарды бес жылға дейін түрмеге отырғызу жазасы қарастырылған.

Ал мемлекет басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов адыраспанды қолдануға да кеңес берген. Ауруханаға пневмониямен түскен науқастардың көбейіп кеткен кездері де болды. Бірақ ресми билік оны коронавирус деп таныған жоқ. 

Солтүстік Корея да жаңа вирус тіркелмеді деп отыр. Дегенмен, сарапшылар коронавирустың Қытаймен арадағы шекара арқылы өтіп кеткеніне сенімді. Өйткені шекараға жақын жерлерде індеттің өршіп кетуі тіркелген болатын. Қазіргі кезде Пхеньян сақтық үшін шектеу шараларын енгізген. Тіпті, балық аулау мен тұз өндіруді тоқтатуға қатысты нұсқау болған. Өйткені теңіз тұзы арқылы коронавирустың таралу қаупі бар. Ал Еңбек партиясының съезін кейінге қалдыруы мүмкін. 

"Коронавирус, кел, кел, кел!"

Әлем бойынша шектеу шаралары енгізіліп жатқанда Беларусь басқа жолды таңдады. Мемлекет басшысы Александр Лукашенко коронавирусты "психоз" деп атап, денсаулық жүйесіне толығымен сенетінін, сол себепті карантин енгізбеуге де болатынын мәлімдеген. Себебі халық жұмыссыз қалады, ел экономикасы құлдырап кетеді. 

Осы уақытқа дейін Беларусьте коронавирус жұқтырған 180 мыңға жуық адам анықталды. Олардың басым бөлігі жазылып шықты. 1 341 науқас осы диагноздан көз жұмды.

Ал Швеция билігі халықтың жеке жауапкершілігіне сенді. Ұжымдық иммунитетке басымдық берілді. Сол себепті шектеу шаралары енгізілген жоқ. Бетперде киюге де қатты талап қойылмады. Бас кезінде бәрі ойдағыдай болған. Алайда коронавирустың екінші толқыны кезінде қайтыс болғандардың саны күрт өсті. Әсіресе, егде жастағы адамдардың өлімі көбейген. Мәселен, қараша айында 8 088 адам қайтыс болды. Ондай рекордтық көрсеткіш соңғы 100 жылда алғаш рет тіркеліп отыр.

Осыдан халықтың билікке, соның ішінде бас эпидемиологқа деген сенімі төмендеді. Ал Швеция королі Карл XVI Густав коронавирусқа қарсы шаралардың сәтсіз болғанын мәлімдеді. 

Коронавирустың мутациясы

Данияда коронавирус кесірінен 17 миллионнан астам қаракүзенді қырып тастауға тура келді. Негізгі себеп – жаңа вирустың мутациясы. Осы елдің ғалымдары қаракүзенге жұққан инфекцияның мутацияға ұшырайтынын байқаған. Ал адамға ауысқаннан кейін антиденелердің қалыптасуына кедергі жасайтын болып шықты. Мутацияға түскен вирус вакцина өндіру жағынан да біраз проблема туғызатын еді. Осылайша, қаракүзен терісінің басты өндірушісі Дания біраз шикізаттан айырылды. 

Бас кезінде қырылған қаракүзендердің бәрін арнайы қорымда көміп тастады. Бірақ екі аптадан кейін жануарлар "тіріліп кетті". Сөйтсе, жердің астында жатқан өлекселер шіріген кезде іштері газға толған. Содан газ жоғары қарай көтеріліп, жердің астынан шыққан. Кейіннен, барлық күзенді қайта алып шығып, өрттеп жіберуге шешім қабылданды.

Айтпақшы, "қаракүзен қырғынынан" кейін билік сау жануарларды текке өлтіргенін мойындады. Данияның ауыл шаруашылығы министрі отставкаға кетті. Қауіпсіздік шаралары аясында қаркүзенді 2022 жылға дейін өсіруге тыйым салынды.

Осы айда мутацияға түскен коронавирустың жаңа штаммы туралы ақпарат шықты. Оны Ұлыбританияда анықтаған. Осы елдің бас дәрігері SARS-CoV-2-нің жаңа түрі адамға тез жұғатынын айтты. Оны әлі толығымен зерттеген жоқ. Өлім-жітімге қалай әсер ететіні де белгісіз. Дегенмен, көптеген мемлекет сақтық шараларын қолға алып, Ұлыбританиямен арадағы әуе рейстерін қысқартты.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дүрбелеңге салынбауға үндеді. Жаңа штамм жылдам тараса да, оның адамды ауыр жағдайға түсіретіні туралы нақты дәлел жоқ.

Карантин бұзғандар қалай жазаланды?

Әлем бойынша коронавирусты ауыздықтау үшін сан алуан шектеу шаралары қолға алынды. Біреулер қатаң карантин енгізсе, енді біреулер коменданттық сағатқа дейін барды. Дегенмен, барлық шектеудің нақты үш талабы бар. Олар: бетперде, арақашықтық және антисептик. Ал карантин сақтамағаны үшін әр елде әртүрлі жазалау шаралары болды. Мәселен, Үндістанда далаға шыққан адамдарды таяқпен ұрды. Тіпті, жатқызып қойып, кеудені жерден көтеруді жасауға міндеттеді. 

АҚШ-та карантинді бұзған адамдарға ірі көлемде айыппұл салынды. Айталық, оқшауланған адам үйден шығып кетсе, оған қоса, вирусты басқа біреуге жұқтырса, 100 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді. Түрмеге бір жылға отырғызып қоюы да мүмкін.

Италияда 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы бар. Ал Қытай диагнозын біле тұра, далаға шыққан адамдарды өлім жазасына кесуге дайын болды. Жалпы, әлемде айыппұл салу тәжірибесі кеңінен тарады. Бірақ оның сомасы әр елде әр түрлі:

  • Норвегия – 1,5 мың крон (126 еуро) немесе 10 күндік тұтқындау;
  • Австралия –50 мың доллар немесе бір жылдық тұтқындау;
  • Аргентина –3 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 1,5 мың доллар айыппұл;
  • Мальта –14 мың еуро;
  • Израиль –3-7 жылға тұтқындау;
  • Өзбекстан – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Қазақстанда бетперде кимегені үшін 83 мың теңгенің айыппұлы қарастырылған. Ал адам ауырып жүргенін біле тұра, вирусты басқа біреуге жұқтырса, қылмыстық жазаға тартылады.

Коронавирус vs тұмау

Коронавирустың белгілері тұмауға ұқсайды. Соның ішінде жөтел, дене қызуы және тағы басқа симптомдар бар. Алайда COVID-19 тұмауға қарағанда әлдеқайда қауіпті болып шықты.

Жақында тәуелсіз сарапшылар АҚШ-тың ардагерлер істері жөніндегі министрліктің мәліметтерін алып, биыл жарты жылда коронавируспен ауруханаға түскен және үш жылдың ішінде тұмаумен ауырған адамдардың статистикасын зерделеп шықты. Сөйтсе, коронавирус жұқтырғандардың арасында өлім-жітімнің деңгейі 18,5 процентті құрады. Ал тұмаумен ауырған адамдардың өлімі 5,3 процент болған. COVID-ден қайтыс болғандардың басым бөлігі – 75 жастан асқан кісілер. Сосын көбісі диабет, семіру, деменция және бүйрек сырқатымен ауырған.

Осы орайда тағы бір маңызды мәселені атап өткен жөн. Әлем бойынша шектеу шаралары енгізілгеннен кейін адамдар арақашықтықты жиі сақтай бастады.

Бетперде киіп, антисептик қолданады. Осының арқасында биыл тұмау жұқтыру көрсеткіші төмендеп отыр. Мәселен, Қазақстанда тұмауға шалдығу көрсеткіші 1,3 есеге азайды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы қашан аяқталады – ДДҰ басшысы болжам жасады

Оған қоса, биыл коронавирусқа қарсы бірнеше вакцина шығарыла бастады. Кейбір мемлекеттер жаппай егу шараларын да бастап кетті. Демек, алдағы уақытта шектеулер жеңілдетіледі. Бірақ коронавирус ешқайда кетпейді. Адамдар карантинге кіріп-шығуға да бейімделген тәрізді. Енді, коронавирустың жаңа түрлері шықпаса болды.

Жаңалықтар
0