19:41 28 Қараша 2020
Тікелей эфир
  • USD423.87
  • EUR505.25
  • RUB5.59
Әлемде
Қысқа сілтеме алу
30 0 0

Израиль COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина сатып алу бойынша Ресеймен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл жөнінде Владимир Путин мен Биньямин Нетаньяхудың телефон арқылы болған әңгіме барысында белгілі болды

Израиль мемлекетінің Ресей вакцинасына қызығушылығы туралы жаңалықтар сенсация бола қойған жоқ. Бұл мәселеде елді елең еткізгені екі апта бұрын "Хадасса" Иерусалим медициналық орталығы "Спутник V" вакцинасының бір жарым миллион дозасына тапсырыс бергені туралы ақпарат болды, деп жазады РИА Новости. 

Сондықтан, екі көшбасшы арасындағы әңгімелесу осы процестің жалғасы іспеттес көрінеді. Бірақ, Израиль ресейлік медикаментке ғана көңіл бөліп отырған жоқ. РФ президентімен сөйлескеннен кейін Нетаньяху мәлім еткендей, мейлінше көп елден барынша көп вакцинаны мейлінше көп азамат үшін сатып алу мақсат болып отыр.

Премьер сөзі ісімен үйлесіп-ақ жатыр. Израиль бірнеше ай бұрын америкалық Moderna компаниясымен вакцина сатып алу туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл компания жақын күндері өз препаратының тиімділігін сынаудың ІІІ кезеңі 94,5 процент тиімділікті көрсеткенін хабарлаған болатын. Ал, өткен аптада Тель-Авив Pfizer компаниясымен осы тектес келісім жасағаны белгілі болды.

Яғни, Израиль денсаулық пен өмірге қауіптілігі, денсаулық сақтау жүйесіне жүктемесі, ұлттық экономикаға соққысын ескере отырып терең прагматикалық позицияны ұстанып отыр. Ол құлайтын жерін біліп, сабан төсеудің амалын жасап жатыр. Әрі десе, өз таңдауын жасауда саяси ұстанымды ысырып қойып, ғылыми дәлелдерге басымдық беруде.

Бірақ, батыс әлемі үшін мұндай әдіс айрықша әрі сирек кездесетін құбылыс деп атауға болады. Мәселен, Еуропалық одақ өз мүшелеріне қоқан-лоқы көрсете отырып, партия желісінен ауытқымауды тапсырып отыр. Бұл жолы Венгрия жіті назарда тұр.

ЕО-ның коронавирусқа қарсы вакциналау стратегиясы оның аумағында өндірілген дәрілерді қолдануды қарастырады. Бұл Ресей бірнеше ай бұрын айыпталған "вакциналық ұлтшылдықтың" дәл өзі. Қазіргі уақытта Еуропалық Одақ үш фармацевтикалық компания – AstraZeneca, Sanofi-GSK және Johnson & Johnson компанияларымен әлеуетті медикаментті сатып алу туралы келісімшарт жасасты.

Ал, осы мәселеде Ресеймен ынтымақтастық орнатқан Будапешт қарсы келгендерге әкімшілік шара қолдануға уәде еткен Брюссельдің нұсқауына кереғар әрекет етіп отыр. Бірақ, бұл қорқытуға венгерлердің еті үйренген және ондайға құлақ аспауға әдеттенген. Осы аптада "Спутник V" вакцинасының алғашқы үлгілері Венгрияға тестілеу үшін жеткізіледі.

Венгрия билігінің бұл қылығын түсінуге болады. Коронавирустың көктемдегі алғашқы толқыны ЕО елінің әрқайсысы пандемиямен жеке-дара күресуге мәжбүр екенін көрсетті. Оның үстіне, қазіргі жағдайда ауруға шалдығып жатқандар және көз жұмып жатқандар көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Сол себепті, ел басына күн туғанда ғайып болған ЕО-ның коронавируспен күресу мәселесінде одақ ережелерін сақтауды талап етуге еш құқығы жоқ.

Қазір ресейлік вакцина дайындық деңгейі жағынан еуропалық препараттан басып озуда. Бұл орыстардың өнімін өзгелерден бұрын кеңінен қолдануға мүмкіндік туғызып отыр.

"AstraZeneca" өнімі болып табылатын "оксфорд" вакцинасымен бірқатар жағымсыз жағдайлар тығыз байланысты болып отыр. Бұл оның қауіпсіздігіне қатысты бірқатар күдік туғызды. ЕО осы аталған вакцинаны әр дозасы үшін 2,5 еуро көлеміндегі салыстырмалы төмен бағамен сатып алып отырса, оны әзірлеген компания вакцинаны қолдану барысында адамдарға келтірілген зиян бойынша қудалаудан иммунитетке ие болды. Ал, француздардың Sanofi медикаменті жайлы теріс пікір қалыптаспағанымен, оның бағасы 4 есе қымбат болуы рөл ойнап тұр.

Сол себепті Венгрия билігінің ұлттық мүддені жоғары қойған бұл әрекеті ақылға қонымды әрі құптарлық іс болып отыр. Өйткені, идеологиялық көзқарасты қуалап, күмәнді препарат алғанша, қауіпсіздігіне көз жеткізген вакцинаның қолда болғаны дұрысырақ.

"Хадасса" медорталығының бас директоры профессор Зеев Ротштейн де осы тектес пікір білдірді: "Саяси немесе коммерциялық кереғар пікірлерге құлақ аспау туралы өз шешіміме сенімдімін. Біз бейтараппыз. Бізде саяси ұстаным жоқ. Біз вакцинаға азаматтарымыз үшін алғашқы қажеттіліктегі элемент ретінде қараймыз".

Загрузка...

Басты тақырып