Әлем

5G мен COVID-19-ға қатысты тағы бір видео жалған болып шықты 

© Sputnik / Михаил Воскресенский / Медиабанкке өтуВышки сотовой связи на крыше дома
Вышки сотовой связи на крыше дома - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Осы кезге дейін Дүниежүзілік денсалуық сақтау ұйымы 5G желісінің COVID-19-бен байланысын жоққа шығарған

НҰР-СҰЛТАН, 2 қараша – Sputnik. Желіде 5G мен COVID-19-ға арналған видео жарияланды. Бейнеролик әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жылдам таралып кетті. Онда арнайы жұмыс киімін киген адам "COV-19" жазуы бар монтаждау тақтасын көрсетеді. Ал видео авторы коронавирустың кеңінен таралуына 5G технологиясының әсер еткенін айтады. Бұл бейнеролик фейк болып шықты, деп хабарлайды Stopfake.kz.  

"Барлық мәселе вируста емес, сол 5G-да болып тұр. Бәрі карантинде отырғанда 5G орнатуға және олардың диапазонын 60 Герцке дейін жеткізуге тапсырма берілді. Ондай диапазонда оттегі "қысқа толқынды пешке" айналады. Сондықтан 5G бағанасының аймағына кіргендердің бәрі оттегі жетіспеушілігінен құлайды. Қазіргі кезде коронавирусқа шалдыққан науқастар тура солай ауаның жетіспеушілігінен қиналады", – дейді видеоның авторы.

Аталған сайт дерегінше, "COV-19" жазуы бар микросхемада өндіруші компанияның деректері де көрінеді. Монтаждау тақтасы Тайваньдағы Hannstar фабрикасында жасалған. Компания теледидар жабдықтары мен дисплейлерді шығарумен ғана айналысады. Ал телефония мен интернет жабдықтарды шығармайды.

Бұдан бөлек, видеодағы микросхеманың SCART коннекторы бар екенін анық көруге болады. Оны теледидар мен басқа да видео құрылғыға қосылу үшін пайдаланады. Мысалы, бейнемагнитофонға немесе DVD ойнатқышқа қосылуға болады. Бірақ бүгінде коннекторлардың бұл түрлері ескірген. Олардың орнына HDMI порттары кеңінен қолданылады.

"Бұл – өте ескі теледидардың тіркемесінен алынған бөлшек. Оған "COV-19" таңбалары ешқашан басылмаған. Осы құрылғының мобильді интернет-желілерге, сондай-ақ 5G технологиясына еш қатысы жоқ", – деді Virgin Media компаниясының өкілі Саймон Дорнан Associated Press-ке жазған хатында.

Ролик авторының 5G желісі туралы басқа да тұжырымдары нақты дәлелге негізделмеген. Жалпы, осы технологияның жұмыс істеу принципі 3G мен 4G желілеріне ұқсайды. Басты ерекшелігі сол, жаңа формат интернет жылдамдығын арттырады. Мәселен, ең бірінші Pre-5G базалық станциясы 2015 жылы Барселонада іске қосылды. 2016 жылы бұл технология Ресейде алғаш рет сынақтан өтті. Сол кезде мәліметтерді тарату жылдамдығы секундына 4,5 Гбитке дейін барған. Ал сигнал радиусында құстардың, жануарлардың немесе жәндіктердің жаппай қырылу фактілері тіркелген жоқ. Сондай-ақ, адамдардан тыныс алу, бас ауруы және басқа да аурулар туралы шағымдар түспеген.

Оқи отырыңыз: Министр Қазақстан 5G желісіне толығымен қашан қосылатынын айтты

Дүниежүзілік денсалуық сақтау ұйымы да өзінің ресми сайтында 5G желісінің COVID-19-бен байланысын жоққа шығарған болатын.

"Вирустар радиосигналдармен немесе ұялы байланыс толқындарымен таралмайды. COVID-19 індеті 5G желілері тартылмаған көптеген елдерде таралуда", – делінген ұйымның ресми сайтында.

Жаңалықтар
0