Әлем

Қырғызстандағы дүрбелең басталған бір аптада қандай оқиғалар болды?

© Sputnik / Табылды КадырбековСитуация в Кыргызстане после парламентских выборов
Ситуация в Кыргызстане после парламентских выборов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қырғызстанда бесінші қазанда парламент сайлауының алдын ала қорытындысымен келіспейтіндер наразылыққа шықты. Олар президент аппараты мен Жогорку Кенеш отыратын ғимаратты басып алды. Кейіннен елдің үкіметі отствкаға кетті

АЛМАТЫ, 11 қазан – Sputnik. Қырғызстанда 5 қазанда оппозицияның наразылық акциясы өтті. Содан бері ел ішінде бірқатар саяси өзгерістер болды: ел үкіметі отставкаға кетіп, Бішкекте төтенше жағдай жарияланды. Митингіге шыққандар елдің бұрынғы президенті Атамбаевты босатып алды, алайда ол қайтадан ұсталды. Sputnik Қазақстан қырғыз жеріндегі дүрбелеңге шолу жасады.

Ақ үйді басып алу

5 қазанда парламент сайлауының алдын ала қорытындысымен келіспейтіндер Ала-Тоо алаңында жиналды. Ол жерде оппозиция өкілдерінің наразылық акциясы өтті. Олар "Ақ үйге" кірмек болды, нәтижесінде  халық пен милиция арасында қақтығыс басталды. Митингіге шыққандар түнде президент аппараты мен Жогорку Кенеш (парламент) отыратын "Ақ үйді" басып алды. 

Содан кейін наразылыққа шыққандардың бір бөлігі елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты босату үшін мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне аттанды. Оны босатып, Ала-Тоо алаңына жеткізді. Бұдан бөлек, митингке шыққандар бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиевті, экс-депутаттар Садыр Жапаров пен Равшан Жээнбековті босатып алды. 

Содан кейін президент үйінде өрт шықты.

Ал 6 қазанда наразылық акциясына шыққан халық Бішкек мэриясын басып алды.

Сооронбай Жээнбеков қайда болды?

Ел ішінде дүрбелең шыққан кезде президент Сооронбай Жээнбековтің қашып кеткені туралы сыбыс тарады. Алайда оның баспасөз хатшысы Жээнбековтің Бішкекте екенін хабарлады.

Сондай-ақ, баспасөз хатшысы президенттің Бішкек қаласында барлық саяси күштермен келіссөз жүргізіп жатқанын, парламент сайлауының қорытындысын жоюға дайын екенін хабарлады.

"Мемлекет басшысы қазіргі жағдайды ескере отырып, орталық сайлау комиссиясына тәртіп бұзушылықтарға қатысты барлық материалды зерделеп шығуға кеңес беріп отыр. Парламент сайлауының қорытындысын жоюға дейінгі шаралар қолға алынады", – деді президенттің баспасөз хатшысы Толғанай Стамалиева.

Ел президентінің мәлімдемесі

Содан кейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков видеоүндеу жасады. Ол жерде елде кейбір саяси күштер билікті басып алуға тырысқанын айтып, президент құқық қорғау органдарына ешқандай қан төгілмеуін, бейбіт тұрғындарға қауіп төнбеуі үшін оқ атпауға бұйрық бергенін атап өтті.

"Олар сайлау сылтауымен қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет етіп, қаланың тыныштығын бұзды. Сондай-ақ, полицияға бағынбай, дәрігерлерді ұрып-соғып, ғимараттарды қиратты. Біз жағдайдың шиеленісуіне жол бермеу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдадық. Елдің тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы кез келген депутаттық мандаттан жоғары", – деді Жээнбеков.

Сонымен қатар ол Орталық сайлау комиссиясын заңбұзушылықтарды тергеуге және қажет болған жағдайда сайлау нәтижелерінің күшін жоюға шақырды. 

Біздің еліміздің тыныштығы мен қоғамымыздың қауіпсіздігі бәрінен жоғары, деді ол. 


Содан кейін Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының қорытындысын жарамсыз деп таныды.

Сооронбай Жээнбеков қандай шарт қойды?

Тоғызыншы қазанда ел президенті тағы бір үндеу жасады. Ол өзінің президент қызметінен кетуге дайын екенін, алайда ол үшін қоятын шарты бар екенін айтты.

Айтуынша, Жогорку Кенешке сайлаудың нәтижелері жойылды. Енді жаңа парламенттік сайлау тағайындалуы керек. Бұл мәселе бойынша шешімді Орталық сайлау комиссиясы қабылдайды. Сол арқылы ел арасында шиеленіс азаяды.

Сондай-ақ, Қырғызстан басшысы дағдарысқа дейін жұмыс істеген премьер-министр мен үкімет мүшелерін қызметінен босату қажет екенін айтты. Елдің ішкі заңына сәйкес, бұл өзгеріске ел президенті мен Жогорку Кенештің рұқсаты қажет.

Арада біраз уақыт өткен соң президент елдің премьер-министрі Құбатбек Бороновты отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл көрші елдің үкіметі толықтай отставкаға кетті дегенді білдіреді.

Жээнбеков бұл үндеуінде бәрі заңды жолға түскен соң қызметтен кетуге дайын екенін де айтты.

"Атқарушы билік органдарының заңды басшылары бекітіліп, ел заңдылық жолға түскен соң, Қырғыз Республикасының президенті қызметінен кетуге дайынмын", – деді Қырғызстан басшысы.

Төтенше жағдай режимі енгізілді

Тоғызыншы қазанда Бішкекте төтенше жағдай режимі енгізілгені хабарланды. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ел астанасында жаппай тәртіпсіздік болуы мүмкін деген қауіппен осындай шешім қабылдады.

Жарлық 9 қазанда Бішкек уақыты бойынша сағат 20:00-де күшіне енді. Режим шамамен екі аптаға, 21 қазан сағат 08:00-ге дейін созылады.

Қырғызстандағы парламент сайлауы

4 қазанда Қырғызстанда парламент сайлауы өтті. 16 партияның өкілдері жетінші рет шақырылған Жогорку Кенештің депутаты мандатына таласты. Жалпы республикада 2 430 сайлау учаскесі ашылды, тағы 45-і шетелде жұмыс істеді. 3,5 миллионнан астам сайлаушы тіркелді.  

Төрт партия 7 проценттік межеден өтіп, Жогорку Кенештен орын алды:

"Биримдик" – 24,54% дауыс және парламенттегі 46 орын;

"Мекеним Кыргызстан" – 23,92% дауыс және 45 орын;

Кыргызстан – 8,75% дауыс және 16 орын;

"Бутун Кыргызстан" –  7,1% дауыс және 13 орын.

Айқын көшбасшылар – "Биримдик" (Бірлік) және "Мекеним Кыргызстан" (Отаным Қырғызстан) партиялары.   

Көрші елдер мәлімдемесі

Қырғызстандағы жағдайға байланысты Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан Республикалары президенттері бірлескен мәлімдеме жасады.

"Бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатып отыр. Біз ғасырлар бойы ажырамас достық, тату көршілік байланыстары мығым, мәдени және рухани құндылықтары ортақ жақын көрші елдер ретінде Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз", – делінген хабарламада.

Мемлекет басшылары Қырғызстанның барлық саяси партиясы мен қоғамдық ұйымы бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деген үміт білдірді.

Ал БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Қырғызстандағы наразылық акциясына алаңдап, қырғыз халқын диалогқа шақырды. БҰҰ Бас хатшысының баспасөз қызметі Гутерриштің жағдайды мұқият бақылап отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы жағдайға байланысты Ресей президенті Владимир Путинмен, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті.

Атамбаевтың үйқамаққа алынуы

10 қазанда Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, Алмазбек Атамбаев Бішкектегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында ұсталды.

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде Алмазбек Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаева мен олардың ұлы Қадыр мен Сейидтің де ұсталған суреттері пайда болды. 

6 қазанға қараған түні Бішкекте наразылық білдірушілер тергеу изоляторында болған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты ҰҚК ғимаратынан босатты.

Бұрынғы президенттің адвокаты Алмазбек Атамбаев Бішкектегі Бірінші май аудандық сотының қаулысымен босатылғанын мәлімдеді. Соған сәйкес құжатта Атамбаевтың 2020 жылдың 11 қарашасына дейін үй қамауында болатындығы айтылған.

9 қазанда экс-президент Бішкектегі митингіде сөз сөйлеп, билікті қажет етпейтінін мәлімдеді.

Жаңалықтар
0