НҰР-СҰЛТАН, 7 ақпан – Sputnik. People's Daily басылымы Қытайдың Ухань қаласында коронавирустың жаңа түрін жұқтырған алғашқы бала дүниеге келгенін хабарлады, деп жазды ferra.ru.
Дәрігерлер нәресте туғаннан кейін бар-жоғы 30 сағаттан соң диагноз қойған. Баланың анасы жүктілік кезінде коронавируспен ауырғаны белгілі болды. Дегенмен қазіргі таңда мамандар пневмонияның жаңа түрінің анадан балаға берілу жолын анықтай алмай отыр. Олардың пікірінше, бұл жағдай вирус жұқтырудың жаңа, бұрын зерттелмеген жолдары бар екенін дәлелдейді.
Дереккөздің хабарлауынша, жаңа туған нәрестенің жағдайы тұрақты.
Еске сала кетейік, бұған дейін де коронавирус жұқтырған әйел босанған болатын. 3 ақпанда індетті жұқтырған әйелдің дені сау бала дүниеге әкелгені белгілі болды.
Қытайдағы коронавирус
2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар аурудың қоздырғышын анықтады – ол 2019-nCoV коронавирусы.
Қаңтардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирус індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады.
Тағы оқыңыз: Жээнбеков Тоқаевқа Қытайдан қырғыздарды әкелуге көмектескені үшін алғыс айтты
Соңғы деректер бойынша, коронавирусты 31,1 мың адам жұқтырған, 636-сы көз жұмды.
Қазақстанда коронавирус тіркелген жоқ. Ел билігі Қытаймен әуе, теміржол және автобус қатынасын тоқтатты.
Қазақстан Уханьнан 83 азаматын шығарды, олардың 80-і студент. Билік сондай-ақ Уханьнан 24 шетелдікті эвакуациялады – он сегізі Қырғызстан, бесеуі Беларусь және біреуі Армения азаматы. Қырғыздар арнайы бортпен Бішкекке жөнелтілді.