Видео

"Құрылыс алаңы сияқты көрінетін": тарихшы астананың қалай салынғанын айтты – видео

Жазылу
Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Тәуелсіз елдің ең үлкен жетістігінің бірі – Есіл бойында бой көтерген астана
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Қазақстан астанасы қалай салынғанын айтып берді.
"Есіл мен Нұраның арасы қазақ үшін жұмбақ жер болған. Әрине, қысы салқын. Сондықтан Елбасы 1990 жылдардың соңына қарай осы жаққа астананы көшіреміз дегенде күмәнданған адамдар да болды. Арқаның ауа райына да үйрену оңай емес. Астанаға алғашында 1990 жылдары келіп-кетіп жүрдік. Ылғи құрылыс алаңы сияқты көрінетін. Әртүрлі көлік тарс-тұрс жұмыс істеп жатты", - дейді тарихшы.
Ол құрылыс жүріп жатқан кезде қаланың бой көтеретініне сенбегендер де, сенгендер де болғанын айтты.
"Есілдің сол жағалауында кішкене балшық бар. Есіл мен Нұра арасында 92 көл бар дейді... Қазақ солтүстік полюсқа апарсаң, соған бейімделеді. Оңтүстікте +50 градус жерге апарса, соған бейімделетін мықты халық. Біз еуропеоидтық және моңғолоидтық нәсілдің қосындысымыз. Сондықтан біздің халқымыз шыдамды, Елбасының үмітін ақтады деп ойлаймын. Елбасы да елдің үмітін ақтап, үлкен астана жасады", - дейді Жамбыл Артықбаев.
Профессор бүкіл әлемде 3-4 мың этнос бар екенін, соның ішінде тек 200-інде ғана тәуелсіз мемлекет бар екенін мысал етті.
"Біздің ұрпақ үшін Тәуелсіздік – аса бір қымбат қазына, Құдайдың қазақтың басына берген бағы. Сол 200 этностың ішіне қазақ халқының кіріп отырғаны біз үшін аса мәртебе. Тәуелсіздікті тоқмейілсімей, бұдан әрі де сақтауға бар күшімізді салуымыз керек", - деді тарихшы.
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның жоғары кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы – Алматы қаласы болды. 1997 жылы 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағын Алматыдан Ақмола қаласына шығарып салудың салтанатты рәсімі өтті. 1997 жылы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасының премьер-министрінің кеңсесі Ақмолаға көшті. Сол жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмолаға ресми түрде аттанды.
1998 жылы 6 мамыр күні президент жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып аталды. Қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті.
2019 жылы 20 наурызда Астана қаласының есімі ресми түрде Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.
Жаңалықтар
0