Қазақстан қорғаныс министрінің Өзбекстанға ресми сапары аясында екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары генерал-лейтенант Мұрат Бектанов пен генерал-лейтенант Баходир Құрбанов "Термез" полигонында "Hamkorlik-2021" бірлескен оқу-жаттығуының белсенді кезеңін бақылады.
Оқу-жаттығудың жоспары бойынша жауынгерлік бөлімшелер іздеу-барлау іс-қимылдарын жүргізу, қарсыластың тұтқиылдан жасаған шабуылының алдын алу, жаудың мықты жасақтарының көзін құрту, шабуылға тойтарыс бере отырып, жоғары мобильді әскерилендірілген топтарды жою тапсырмаларын орындады.
"Hamkorlik-2021" бірлескен оқу-жаттығуы екі елдің әскери құрамаларының өңірдегі жағдайдың ушығу қаупі артқан кезде түрлі оқу-жауынгерлік міндеттерді шешудегі өзара іс-қимыл деңгейін, сондай-ақ байланыс пен үйлесімділік дәрежесін арттыруға бағытталған.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның қорғаныс саласындағы өзара қарым-қатынастың өзекті бағыттарын, әскери білім беру және кадрлар даярлау мәселелерін де қарастырды.
Келіссөздер нәтижесінде екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы 2022 жылға арналған ынтымақтастық жоспары бекітілді.