Нұр-Сұлтанда "Qanattylar" инклюзивті театры пайда болды. Театр сахнасында ерекше қажеттілігі бар азаматтар өнер көрсетеді, деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
"Ерекше қажеттілігі бар азаматтарымызға барынша көмек көрсетуге тырысып жатырмыз. "Жастар" театрының жанынан "Qanattylar" инклюзивті театрын аштық. Ерекше сұранысы бар адамдарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың дарынын ашу, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік беру инклюзивті театрдың айрықша тұсы болып отыр", - деді Көлгінов.
Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдар үшін театр шығармашылығы оңалтудың бір түрі ретінде қабылданады.
Сахнада, көру, есту, сөйлеу қабілетінде кемшілігі бар және мүгедек арбасына таңылған адамдар өнер көрсетеді.
Мұндай театр ашу туралы ұсыныс мүмкіндігі шектеулі болудың қияметімен жақсы таныс Арнұр Ысқақовтан келіп түскен.
"Біз бұл идеяны қолдап, жүзеге асыруға кірістік. Оңалту және әлеуметтік ортаға бейімдеу бойынша жағдай жасаудың маңызы зор", - деді қала басшысы.
Әкімдік мәліметі бойынша, елордада оңалту орталықтарының саны артып, тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында әлеуметтік орталықтар пайда болуда. Биыл жазда көзі нашар көретін балаларға арналған балабақша ашылды. Сонымен қатар Паралимпиада жаттықтыру орталығымен бірлесіп ерекше қажеттілігі бар жандар үшін спорт кешені салынып жатыр.