Видео

Ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді жаңғыртуға арналған жоба басталды – видео

Жазылу
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жыл соңына дейін жалғаспақ. Контент қазақ және орыс тілдерінде 25 бейнеролик түрінде онлайн шығады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Астана жастары" ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қазақтың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпты жаңғыртуға арналған JAS NOMAD жобасын іске қосты, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл жоба желтоқсанға дейін жастар арасында ұмытылып бара жатқан қазақ дәстүрі мен әдет-ғұрыпты сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені ретінде онлайн-форматта өтетін болады.

"Біз іс-шараларды онлайн өткізетін боламыз. Контент біздің YouTube-арнамызға ұлттық костюмдердің атаулары мен тарихы, ұлттық тағамдар, ұлттық аспаптар, ет турау рәсімдері бойынша шығарылатын болады. Бұдан бөлек, қазан айында қолөнер, қыш және тігін ісі бойынша екі офлайн іс-шара өтеді", – деді "Астана жастары" жастар бастамаларын қолдау жөніндегі маманы Олжас Амангелді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жыл соңына дейін жалғаспақ. Контент қазақ және орыс тілдерінде 25 бейнеролик түрінде онлайн шығады.

Ашылу салтанатында жобаның 15 қатысушысы үйретушінің көмегімен киіз үйді жинап көрді.

Айта кетсек, жоба жаттықтырушыларының бірі – "Қасиетті Қазақстан" ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев бұл бастаманың елорда жастары үшін өте маңызды екенін атап өтті.

"JAS NOMAD – қала жастары үшін маңызды шара. Мен жастарды ұмытылған дәстүрді жаңғыртуға баулимын. Өйткені өзім тарихшы, этнологпын. Өкінішке қарай, қазір қала мен ауыл арасында үлкен айырмашылық бар. Ауыл жастары қалалықтардан қатты ерекшеленеді. Біз ауылдан шыққанымызды мақтан етуге тиіспіз. Қазақ "Ауыл – ұлттың негізі" деп бекер айтпаған. Бұрын бабаларымыз күздің осы кезеңі – Мизам шуақта киіз үйлерді жинап, тастан, шым кірпіштен салынған күздік баспанаға (күзеу) көшіп, кейін қыстауға қоныстанған", – деді Батырхан Жұмабаев.

Жобаға 14-29 жас аралығындағы ниет білдірген жастар қатыса алады. Ол үшін "Астана жастары" Instagram парақшасына кіріп, Google пішініндегі нұсқаны толтыру қажет. Қатысу тегін.

Жаңалықтар
0