Видео

Қас қарайғанда Алматы әкімі саябақта не істеп жүр – видео

Жазылу
Кешкі сегіз жарым шамасында, Алматыда ымырт үйірілген шақта, қала тұрғынының бірі Бақытжан Сағынтаевты саябақта кездестіріп қалды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жуықта жаңғырту жұмыстары жүргізілген 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябаққа аяқ астынан барған. Сонымен қатар қала әкімі әдеттегідей топ адаммен бірге емес, санаулы адамның арасында бой көрсетті. Сол маңда жүрген Sputnik Қазақстан тілшісі қала басшысынан бұл сапарының себебін сұрады.

Алматы әкімі саябаққа топ адаммен бірге келмесе де жанында Медеу ауданының әкімі, әкімдіктегі бір басқарманың басшысы және полиция департаментінің басшысы болды. Костюм киген ер адамдар саябақта демалып жүрген алматылықтардың көзіне бірден түсті.

"Жарықтандыру қалай жүзеге асып жатқанын көру үшін келдім. Саябақ аумағына осы қазір кірдік. Көрдім. Орындықтарға қатысты мәселе бар. Тарихи инфрақұрылымды, орындықтарды, шамдар мен жәшіктерді қайтарғанымыз дұрыс болды. Бәрі бұрынғы тарихи қалпында. Алайда мәдени мұраларды талқандаушылар секіріп, сындырады... Сындырмауы үшін әрекет жасау керек. Жастар секіріп, батырсынады. Демек сындыра алмайтындай етіп жасау керек", - деп жауап берді Бақытжан Сағынтаев Sputnik Қазақстан тілшісінің саябақтағы жөндеу жұмыстарының аяқталғанына қатысты сауалына.

Сондай-ақ қала әкімі саябаққа неге басқа көмекшілерінсіз келгенін айтты. Оның сөзінше, мұндай сапарларға тек нәтижеге жауап беретін адамдарды ертеді.

"Нысандарды аралаған кезде көп адам еріп жүреді. Мердігер болғандықтан, олар ненің дұрыс, ненің қате болғанын естуі керек. Маған нөкер болып жүру үшін ермейді. Міне, қазір жанымда Медеу ауданының әкімі бар. Мына жерде не істеу керек екенін көрсетіп, ескертулер жасаймын. Осының бәрін тұрғызған басқарма басшысы да осында. Демек, әркім не істейтінін білуі керек, өз орнында болуы керек. Адам санын көбейту үшін жүрмеуі керек", - деп жауап берді Сағынтаев.

Алматы әкімі 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағындағы жөндеу жұмыстарына қатысты бағасын кейінірек хабарлауға уәде берді.

Жаңалықтар
0