Видео

Елорда стадиондарында ашық есік күнін өткізу ұсынылды – видео

Жазылу
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов спорт мекемелері қала тұрғындары үшін қолжетімді болатынын айтып отыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең сәтсіз Олимпиададан кейін бұқаралық спортты дамытуды тапсырған еді.

Үкімет арнайы кеңес өткізіп, соның қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдіктерге халықты, әсіресе, балаларды бұқаралық спортпен қамту тапсырылды.

Елорда әкімі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектеп, федерация, қалалық спорт мекемелерінің өкілдерімен кездесуде бұқаралық спортты талқылады.

"Елордада спорттық кластер жақсы дамыған. Жыл сайын халықаралық стандарттарға сай жаңа спорт ғимараттарын ашып жатырмыз. Қалада 1 миллион 200 мың адам тұрады, олардың үштен бірі – жастар. Басты міндетіміз — спорт нысандарының бәрін қала тұрғындарына қолжетімді ету", - деп хабарлады қала әкімі желідегі парақшасында.

Соның негізінде "Елорда Жастары" бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама тұрғын үй, білім алу, жұмысқа орналасу және бос уақытты тиімді өткізу сияқты мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Оған тағы да бір бағыт қосылады. Ол – бұқаралық спортты дамыту бағыты.

"Былтыр жеңіл атлетикалық спорт кешенін аштық. Қазір онда жеңіл атлетиканың 7 түрі бойынша кәсіби спортшылар ғана айналыса алады. Елорда тұрғындарын көбірек қамту мақсатында қыркүйектен бастап оған тілек білдірушілердің бәрі бара алады. Жеңіл атлетика кешеніне күніне 750 адам, ал айына 20 мыңнан астам адам бара алады", - деді қала әкімі.

Қазір қалада 8 мыңнан астам баланы қамтитын 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Қосымша қаржыландыру бағыты есебінен балалар санын 50%-ке арттыру жоспарланған.

Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер мектептерінің құрамында ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен айналысуына бағытталған жеке бағыт бар, ол қазір 17 спорт пәнін қамтиды.

Әкімнің хабарлауынша, кей ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл спорт кешендерінде қала тұрғындары әртүрлі спорт түрлерімен тегін айналысып, денсаулығын нығайта алады.

Жаңалықтар
0