Видео

Ауғанстандық босқындар Қазақстанға ағыла ма? Одан қауіп бар ма – сарапшы пікірі

Жазылу
Тәлібтер Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанға жақын солтүстік провинцияларды басып алды. Ал оларға қарсы соғысқан ресми биліктің әскерлері тәжік пен өзбек жеріне қашуға мәжбүр болды

Жақында Америка құрама штаттары Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан басшыларына үндеу жасап, Талибанға* қарсы соғысуға көмектескен 9 мың ауғандықты уақытша орналастыруды сұрады. Әзірше нақты шаралар қолға алынған жоқ. Дегенмен Тәжікстанға мыңдаған босқындар ағыла бастады.

Саяси шолушы Ғазиз Әбішев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында АҚШ-тың өтініші орынсыз деп санайтынын айтты. Себебі мыңдаған әскерін алып кетуге қауқары бар держава өз жақтастарын да оп-оңай әкете алады.

"Иә, АҚШ өздеріне көмектескен ауғандықтарды алдымен тексеріп алуды көздейді. Олардың арасында экстремистер бар ма, жоқ па, осының бәрін анық білгісі келеді. Әйтпесе, Американың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төнеді ғой. Бірақ біз ондай адамдарды уақытша орналастырсақ, АҚШ артынан алып кететініне нақты кепілдік беруі керек. Мысалы, қазір мыңдаған адамды кіргіздік дейік. Ал АҚШ сенатында отырған республикандықтар тиісті заң қабылдамай қояды. Сонда не істейміз? Басқа елге жібере алмаймыз. Ауғанстанға қайтарсақ, адамгершілікке жат. Сөйтіп, барлығы осы жерде қалып қоюы да мүмкін. Сондықтан асығыс шешім жасауға болмайды", - деді Әбішев.

Ғазиз Әбішевтің ойынша, Талибан* ашық соғыспауы да мүмкін. Олар диверсанттарды жіберіп, қарулы қақтығыстар жасай алады.

"Талибан* Орталық Азиядағы жағдайдың тұрақсыздығына мүдделі болса, солай істейді. Ал Тәжікстан мен Қырғызстанға қысым жасалса, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына шабуыл жасағанмен тең болады. Демек, ұйымға мүше Қазақстан да тыс қалмайды", - дейді саяси шолушы.

*Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған террористік ұйым

Жаңалықтар
0