Sputnik Қырғызстан қайғылы оқиғаның қалай болғанын анықтады. Бойжеткеннің анасы Назгүл Шакенова айтып бергендей, Замирбек Теңізбаев Айзадамен Instagram арқылы хат алмасып тұрған. Содан кейін ол Айзаданың жұмыс орнын біліп алып, оған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған. Алайда жақын таныс болмағандықтан бойжеткен ол ұсынысты қабыл алмаған.
Айзада Қанатбекованы ұрлап әкеткен күні оның әріптестері анасына хабарласып, қызының жұмысқа келмегенін айтады. Әйел өз әпкесінен үйге барып келуін сұраған. Екеуі де бұл іске Замирбектің қатысы бар деп іштей күдіктенген.
Айзаданың үйде жоқ екенін білген соң, олар милицияға арыз жазуға барған. Бақтыгүл Шакенованың айтуынша, олар сағат 13:00-де Первомай аудандық ішкі істер басқармасына келген. Кезекші қызметкер таңертең бір қызды бейтаныс адамдар ұрлап әкеткені бақылау камерасына түсіп қалғанын айтады. Ол жөнінде шағым "Фаиза" дәмханасынан келіп түскен. Тергеуші оларға видеоны көрсеткен соң әйелдер күдік расталғанын түсінеді, ұрыны да таныған.
"Осы уақытқа Айзаданың телефоны қосулы болды. Бірақ ол тұтқаны көтермеді", - дейді бойжеткеннің туыстары Sputnik Қырғызстанға берген сұхбатында.
Амалы қалмаған Айзаданың анасы мен әпкесі қыздарын ұрлаған сәттің видеосын іздеп тауып, оны әлеуметтік желіде таратқан. Олар бойжеткеннің көз жұмғаны туралы милицияның хабарламағанына да налып отыр.
"Кейін білгеніміздей, ол бір кезде Айзаданың қолын бұрап, "менің сүйгенім болуға келіспесең, анаңды бауыздап өлтіремін" деп қорқытыпты. Ал Айзада қорқып, бізге ештеңе айтпаған. Ол осы жігіттен құтылу үшін Түркияға кетіп қалмақ болды", - деді Айзаданың анасының әпкесі Бақтыгүл Шакенова. Ол бойжеткенді өзі өсіріп, оны туған қызындай көрген.
Айзаданың анасы мен әпкесі көп жағдайдан бейхабар болған. Бойжеткен Замирбектен қорқатынын, оның психикалық ауытқуы бар деп күдіктенетінін және оның ашуына тимей, уақыт созып, елден кетіп қалғысы келетінін құрбыларына айтқан.
Құрбылары милицияға шағымдануға кеңес бергенімен, Айзада анасының өмірі үшін қорыққан.
"Ол Айзадаға "Қазір мен саған жалынып тұрмын, бірақ сен маған жалынатын күн туады" деп айтқан. Ол жігіттің үнемі көз жанары басқаша болатын, бір орында тұрмай, үнемі ойнап тұратын. Бір күні мен оның көлігінің есігін ашып, "Байке, неге бізді аңдып жүрсіз? Көлікке отырмаймыз!" деп айғайладым. Ал ол бетіме тік қарауға қорықты... Айзадаға "маған бұйырмасаң, ешкімге бұйырмайсың" деп айтқан", - дейді көз жұмған қыздың құрбысы Аян Байтемірова.
Толығырақ видеодан көре аласыздар.